"Жол белгісін қазанға қақпақ етеді". Көлік апатының жиілеуіне не себеп?

Фото: Информбюро
Фото: Информбюро

2021 жылы жол жабдықтарының ұрлануынан 60 миллион теңгеден астам залал келген.

"Қазақавтожол" ЖШС Алматы облысының негізгі туристік және экономикалық кластерлеріне апаратын жолдарды жөндеу, құрылымдарды орнату бойынша баспасөз турын өткізді. Informburo тілшісі шұңқырды жөндеу, жол белгілері мен қоршауларды орнату секілді қауіпсіздік мақсатында жасалатын жұмыстарды көзімен көріп қайтты.

Биыл жол төсемін қалпына келтіруге және республикалық маңызы бар жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 473 500 шаршы метр жолға шұңқырларды жөндеу көзделген, ол жұмыстың 60 мың шаршы метр. Алматы облысында жоспарланған. Жөндеу жұмыстары екі айға созылады. Жолдың жартысы сәуір-мамырда, қалған жартысы күзде жөнделеді.

Баспасөз туры барысында ең бірінші "Алматы-Талғар-Бәйдібек Би" автожолының 57-шақырымында шұңқырды тазалап, бетін жабу, жарықты битуммен бітеу жұмыстары жүргізілді. 

"Шұңқырларды жолдың мерзімін ұзарту үшін және болашақта бүлінбеуі үшін жабамыз. Көктемде жер жұмсақ болғандықтан жаңбыр жауғанда су кіріп, бүлінбес үшін жолдағы жарықшақтарға битум құямыз. Жолдың бүлінуіне көбіне 70 тоннаға дейін жүк алып жүретін машиналар себеп. Бізде көлік пен жүктің салмағына шектеу қойылған. Әріптестерімізбен бірге рейдке шығып, талапты бұзғандарды ұстауға тырысамыз", – деді "Қазақавтожол" ЖШС Алматы облыстық филиалының бас инженері Берік Сарқытбаев.

"Қазақавтожол" ЖШС Алматы облыстық филиалының бас инженері Берік Сарқытбаев / Фото Informburo.kz

Жол жабдықтарын ұрлау мәселесі де назардан тыс қалмады. 2021 жылы жол құрылымдарының ұрлануы салдарынан 60 миллион теңгеден астам залал келтірілген. 

Оларды көбінесе жол маңындағы ауыл тұрғындары күнделікті тіршілікте пайдалану үшін немесе темір қабылдау пунктеріне өткізу мақсатында алады. Қораны жабуға қисыз сызықты білеу мен торлы қоршауларды жиі ұрлайды. Мұның салдары жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін. Мысалы, торлар болмаса түнде мал жолға шығып кетіп, көлікпен соғысуы мүмкін.

Ал қисық сызықты білеу болмаса қалғып кеткен жүргізуші жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, бұл ауыр жол апатына әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан "Қазақавтожол" өкілдері жол құрылымын ұрлау фактілерін дереу полицияға хабарлауды сұрайды. 

"Жақында "Алматы-Бішкек" автожолында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын білдіретін сары түсті уақытша белгілер іліп қойдық. Көз алдымызда 1 не 2-сынып оқитын кішкентай арқалап әкетіп бара жатыр. Тоқтатып оны не істейтінін сұрасақ "металлға өткіземіз" деді. Қазанның бетін жабу үшін әкететіндер бар. Көк-қызыл түсті катафоттардың түгін қалдырмай алып кетті. Арыз-шағым түсірдік. Былтыр "Алматы-Қорғас" автожолында жануарларды өткізбейтін торлар орнаттық. Тұрмыста пайдалану үшін тұрғындар 353 метрін ұрлап кетті. Келтірген шығынға байланысты полиция қызметкерлері әкімшілік не қылмыстық іс қозғап, азаматтарды жауапқа тартады", – деді ол.

2021 жылы үй жануарларының қатысуымен 109 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 139 адам зардап шегіп, 30 адам қаза тапқан. Ал 2022 жылдың бірінші тоқсанында 11 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 15 адам түрлі жарақат алып, 3 адам қайтыс болған. Әсіресе, Маңғыстау облысында осындай жағдай жиі болады.

"Қазақавтожол" республикалық маңызы бар жолдар бойында жануарлардың жолға шығуын болдырмайтын 855 331 шақырым қорғаныс қоршауларын орнатқан. 

"Жол бойындағы ауыларда жануарлардың көбінің құлағында сырға болмайды. Түнде қараусыз жібергенде жолға шығып кетіп, көлікпен соғысса иесін таба алмаймыз. Үлкен автобандарда 120-150 км/сағ жылдамдықпен жүретіндер бар. Алдынан жануар шықса дер кезінде тоқтап үлгермейді. Азаматтар жануарларды қараусыз жібермесе дейміз. Жүргізушілер көріп үлгеруі үшін жануарларға жарық шағылыстырғыш ленталар тағып қойса дұрыс болушы еді", – деді "Қазақавтожол" ЖШС баспасөз қызметінің жетекшісі Адина Айнаева.

"Қазақавтожол" ЖШС баспасөз қызметінің жетекшісі Адина Айнаева / Фото Informburo.kz

"Қазақавтожол" жолдағы қауіпсіздікті сақтау мақсатында республикалық акция бастап, үй жануарларын ұстауға қатысты жадынама әзірлеп, мал иелерімен жеке кездесулер мен түсіндіру жұмыстары жүргізіп жатыр. Акция аясында үй жануарларына арналған жарық шағылыстыратын ленталар таратылады. 

Мекемеде ел бойынша 3 500 адам жұмыс істейді. Жолды жөндейтін, тазалап, қыста қарын күрейтін жұмысшылар қауіптің ортасында жүреді. Неге десеңіз жөндеу жұмыстары кезінде жүргізушілер жылдамдықты 20 км/сағ асырмау керек. Бұл талап сақталмай, жұмысшыларды соғып кету оқиғалары жиі болады. 

Адина Айнаева бүлінген жолдар туралы әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда хабарлауға болатынын атап өтті. Халықтың арыз-шағымына құлақ асатынын, алайда бюджет қаржысы жеткілісіз, өйткені қажет соманың 66 пайызы ғана бөлінеді дейді ол.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

 Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Популярное в нашем Telegram-канале

Серіктестер жаңалықтары