Түркістан облысында алманың еуропалық сорттары қалай жеміс беріп жатыр? Фоторепортаж

Алма бағында айдаред, фуджи, гала, голден делишес, гренни смит, брэбуррн сынды алма сорттары өседі.

Түркістан облысы Қарасу ауылдық округінде орналасқан Dala Fruit компаниясы 2012 жылдан бері өсімдік шаруашылығы саласында жұмыс істейді, соның ішінде алма өсіру, оны сақтау, өңдеу және нарыққа шығарумен айналысады. 2013 жылы шетелден әкелінген алма көшеттерін отырғыза бастаған. 2021 жылы баудың жалпы аумағы 135 гектарға жетсе, оның ішінде 125 гектар жерге жемістер егілген.  

Он жыл бұрын бұл жерлер ой-шұңқыр болып жатқан. Жер техникамен тегістеліп, топыраққа тыңайтқыштар себілген соң ғана көшеттер отырғызылған. Бұл – аласа бойлы қарқынды бау. Өсірсе, биіктігі төрт метрге жетеді, бірақ бұтағы қырқылып отырады. Бауда әр қатар арасы – төрт метр, техника жүруіне ыңғайлы. Ал көшеттердің арасы – бір метр. Бір гектарда 2 500 көшет бар.    

"Соңғы жылдары Қазақстанда жылыжай, одан кейін қарқынды бау-бақша шаруашылығы дами бастады. Италия, Түркия, Нидерландтар, Германия және Польшаға өзіміз барып, алма көшеттерін таңдап алдық. Ең бірінші Италиядан жеткізілген вируссыз көшеттер отырғызылды. Бүгінде бақта айдаред, фуджи, гала, голден делишес, гренни смит, брэбуррн атты алма сорттары өседі. Қараөрік пен қызыл шие де ектік. Жерсіндіру мақсатында басқа да алма сорттарын отырғыздық", – деді компанияның өндіріс жөніндегі директоры Сапарбек Ержігітов.  

Сапарбек Ержігітов

Көшеттер израильдік тамшылатып суару жүйесі арқылы суарылады. 16 метр тереңдіктен сорғымен алынған су бассейнге жиналып, қондырғылар арқылы ағаштарға жіберіледі. Сапарбек Ержігітовтің сөзінше, қарқынды баудың жақсы қасиеті – кішкентай жерге өте көп ағаш егуге және одан жоғары өнім алуға болады. Тамшылатып суару жүйесі арқылы тыңайтқыштар мен химикаттарды суға қосып бергенде олар ағаштың нақты өзіне тиеді. Су бүркитін құрылғымен жапырақтарға тыңайтқыштар, қорғайтын химикаттар жіберіледі. Дәстүрлі биік өсетін жеміс ағаштарында ондай мүмкіндік жоқ, өйткені арықпен суарылады.  

Компания "Сбербанк" АҚ ЕБ көмегімен жеміс қоймаларын салып, ауыл шаруашылығы кластеріне қызмет көрсететін инфрақұрылым құрған. DAF, VOLVO, KRONE маркалы магистральдық автопоездардың 81 жиынтығы сатып алынды. Қаржыландыру арқылы компанияда Қазақстанда баламасы жоқ газды ортаны қадағалау арқылы 12 айға дейін жеміс-жидекті сақтауға мүмкіндік беретін жеміс сақтау қоймалары салынды. Қойманың ТМД аумағында өнімді жеткізе алатын арнайы автопаркі де бар. Несиелеу сомасы 5 млрд астам теңгені құрайды.

Қоймада сақтау камераларының бірнеше түрі бар: алдын ала сақтау, газды реттеп сақтау және көкөністер камерасы, -20 градусқа дейін мұздататын камера. Камераларда жалпы 15 мың тоннадан астам жемісті сол күйінде сақтауға болады. Реттелетін газды орта (РГО) камералар ішіне қажет газ жіберіліп, ал қажет емесі сыртқа шығарылады. Мұндай қондырғылар Италияда шығарылса, ал компрессорлар Германиядан әкелінген. 

"Барлығы 49 РГО сақтау камералары бар, ал салқындату нүктелері одан да көп. Әр сорт жеке камераларда сақталады және өзіндік параметрлері бар. Монитор арқылы бақыланады. Тоңазытқыш белгілі бір температураға жеткенше жұмыс істеп тұрады. Алмадан шығатын этилен газы суырып алынады. Азот генераторымен камераға азот береміз. Азот мөлшерін 97-98% жоғарылатып, камерадағы оттегіні азайтамыз. 1-2% көмірқышқыл газын жібереміз, ылғалдылығын да реттеп отырамыз. Мұның бәрі алма бұзылмай өз қалпында сақталуы үшін жасалады", – дейді компанияның бас технологы Еркебұлан Үрүстембеков.  

Еркебұлан Үрүстембеков

Оның сөзінше, жемістер сорттау аймағында 15 градуста ұсталып, бірінші алдын ала сақтау қоймасына, одан кейін РГО камераларға түседі. Температура әр сортқа байланысты 1-2 градус аралығында белгіленеді. Алманы тоңазытқыштан шығарғанда температурасы төмен болады. Егер оны бірден жоғары температура аймағына кіргізсе стресс алып бұзыла бастайды. Алдын ала сақтау камерасында 35 градустан бес градусқа дейін төмендетіледі. Қажет температураға жеткен соң ғана оттегі пайызы азайтылады. 

Италияда шығарылған сұрыптау аппаратында алмалар түсі мен көлеміне қарай бөлінеді. Соған сай қораптардағы алмалар да біркелкі. Шірігендері алынып тасталып, ұрылғандары мен майда алмалар шырын жасауға жіберіледі. Тәулігіне 6 тонна шырын ыдысқа құйылады. 

"Нарыққа енді шыға бастағанымызда шымкенттіктер жергілікті алма екеніне сенбейтін, "құрттамаған", "ұрылмаған" деп таң қалатын. Оларға сапалы өнім шығаратынымызды көрсеттік. 2018 жылдан бері шырынды еш қоспасыз, 100% алмадан жасаймыз. Тіпті су қосылмайды. Алманың шырыны тікелей сығылады. Бір бөшкеге үш тоннадай жиналады. Бір тәулік ішінде тұнады. Шырыны пастеризаторға түсіп, 82 градуста қайнатылған соң шүмегі бар үш литрлік асептикалық қалтаға, 0,7 және 0,33 литрлік шыны бөтелкеге құйылады", – деді Еркебұлан Үрүстембеков.   

Компания жылына 8-10 мың тонна алма шығарады. Жергілікті жерлерде 500-ден астам адамға жұмыс орны ашылған. Тұрақты екі агроном жұмыс істейді. Штатта 30-ға жуық адам бар. Ал маусымдық алма терім жұмысына 150-200 адамдай жұмылдырады. Бүгінгі таңда компания Қазақстанды және Ресейдің аумағын алмамен, шырынның 13 түрімен қамтамасыз етіп отыр. Енді Орталық Азия мен Қытай нарығына шығуды, шырыннан бөлек алма езбесі мен қағын шығаруды жоспарлап отыр.  

"Бұл тәуекелге баратын бизнес, өйткені ауыл шаруашылығы адамның өзіне емес, ауа райына, климатқа тікелей тәуелді. Аптап ыстықта су болмаса, қатты жел болса қолданарға шара жоқ. Алма оған төзе алмауы мүмкін. Қазақстанда сақтандыру мәселесі жолға қойылмаған. Мысалы, Италияда үлкен тоңазытқыштар арқылы шаруаларға қаржы береді. Шаруаларға өнім өсіруге, сақтауға, сатуға қамқоршы болады. Біз де сондай жүйе құрамыз деген ой бар. Сақтайтын қоймамыз, тасымалдайтын көліктеріміз бар. Бау-бақша басқа салаларға қарағанда тез өнім мен табыс беретіндіктен бизнесті дамытуға алған несиені жылдам жабуға болады. 2017 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда да осындай бау егуге болатынын өз көзімен көріп, мемлекет қолдайтынын айтып, жобаны әрі қарай дамытуды тапсырды. Бұл бізді қанаттандырады", – деді Сапарбек Ержігітов.   

Экономиканың нақты секторына белсенді түрде кредит бере бастаған екінші деңгейдегі банктердің бірі – "Сбербанк" АҚ локдаун кезеңінде инвестициялық жобаларды қаржыландыруын үзген жоқ. Нәтижесінде отандық кәсіпкерлер өндіріс көлемін ұлғайтып, экспорттық әлеуетін арттыра алды. Солардың бірі деп Dala Fruit компаниясын айтуға болады. "Сбербанк" екінші деңгейдегі банктер арасында "Қарапайым заттар экономикасы", "Бизнестің жол картасы-2020, 2025", "Нұрлы жер", БҰҰДБ сияқты кәсіпкерлерді қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларына қатысушылар арасындағы көшбасшылардың бірі. Осы бағдарламалар шеңберінде 750 млрд теңгеден астам сомаға 8,5 мыңға жуық жоба мақұлданса, 65 млрд теңгеге "Дамудың" 6 мыңнан астам кепілдігі алынған.

Серіктестер жаңалықтары