Tez Tap қазақша үстел ойыны қалай танымал интеллектуалды сайысқа айналды?

Ойын ұйымдастырушылары. Фото kipyat.com
Ойын ұйымдастырушылары. Фото kipyat.com

Ақпан айында ойынның жаңа маусымы басталады.

Tez Tap – елордалық қазақтілді жастардың бас қосып, білім жарыстыратын алаңы. Алғашқыда ойын үстелі ретінде басталған жоба қалай үлкен интеллектуалды сайысқа айналды? Жобаның негізін қалаушы Дана Қамзабек Informburo.kz тілшісіне алғашқы қадамдар, сәттілік хикаясы мен жаңа маусымға жоспары туралы айтып берді.

Жобаның негізін қалаушы Дана Қамзабек. Фото: kipyat.com

Tez Tap қалай пайда болды?

Tez Tap үстел ойыны 2020 жылдың желтоқсан айында жарық көрді. Оның пайда болуына карантин ықпал еткен сияқты. Өйткені қатаң шектеулер болған кезде біз отбасымызбен, жақындарымызбен көп уақыт өткіздік. Сол уақытта бәрі бірге ойнап, көңіл көтеретін қызықты бір ойын ойлап тапқым келді. Tez Tap – сол ойлардың нәтижесі.

Идеяны аспаннан алған жоқпын. Қазір жастар бас қосқан кезде түрлі ойын ойнайды. Бүкіл әлемде танымал болған ALIAS, "Крокодил" сияқты ойындарды саралап, ұнайтын тұстарын алып, өзімізден жаңа нәрселер қосып, жаңа үстел ойынын жасадық. Өте жемісті және сәтті жоба болды деп ойлаймын. Өйткені, оны қолға алардан бұрын қазақ нарығын зерттедім. Барлық жасқа арналған көңіл көтеретін, заманауи ойындар өте аз. Мысалы, "Қазақ хандығы", "Beesiness: пчелиное дело" деген үстел ойындары бар. Бірақ, менің жалпыға қызықты болатын, ойынды ойнау аса бір дайындықты, ақылды қажет етпейтін, көңіл көтеретін ойын шығарғым келді.

Басында жаңа форматтағы ойын енгізу қиындау болатын шығар деп ойлағанмын. Жоқ, адамдар бәрін бірден қағып алды. Сұраныс біз ойлағаннан да жоғары болды. Бар-жоғы 1-2 айдың ішінде шығарған даналардың бәрін саттық. Тіпті ауылдарға, Польша, Германия, Америкаға да жібердік.


Оқи отырыңыз: Ақылы олимпиада білім сынағы ма әлде ақша табу көзі ме?


Фото: kipyat.com

Бұл – менің алғашқы коммерциялық жобам. Өзім химия саласының маманымын. Сондықтан мен үшін бұл ойын табыс табу немесе танымал болудың көзі емес, тәжірибе ретінде қызық болды. Ойын стратегиясынан бастап, дизайнын сызу, жеткізу, сатуға дейін басы-қасында жүрдім. Өзіме де өте қатты ұнады. 

Осы ретте қазақтілді ортаның үлкен бір артықшылығы бар екенін айтқым келеді. Олар қазақ тілін дамытуға қатысты кез келген жобаны қолдауға әрқашан дайын. Себебі, бұл біздің ортақ "жанды жеріміз". Сол жараны емдейтін кез келген өнім бірден танымал болып кетеді. 

Ойыннан – интеллектуалды сайысқа 

Үстел ойынының бәрі сатылып кеткен соң, 2021 жылдың қаңтар айында оның балаларға арналған жаңа нұсқасын шығаруды ойладым. Бірақ қаржылай дайындық керек болғандықтан, уақытша тоқтатып қойдым. Себебі бірден  барлық мектеп пен қалаларға жететіндей үлкен тиражда шығарғым келеді. Оның орнына Tez Tap интеллектуалды куизін ұйымдастыру туралы идея келді.

Куиз дегеніміз – командалық викторина. Мұндай куиздер Англиядан басталып келе жатыр. Ол жерде куиз барда өтеді. Қазір астанада куиздің орыс тілінде өтетін он шақты түрі бар. Олар апта сайын ұйымдастырады. Адамдардың қызығушылығы өте жоғары. Кәдімгідей чемпионат өткізіп, маусымның үздігін анықтайды. Сондай ойындарға достарыммен бірге қатысып көрдім. Уақыт өткізудің өте көңілді және пайдалы түрі. Неге қазақ тілінде осындай ойын ұйымдастырмасқа деген ой келді. Бүкіл әлемде өтіп жатқан ойынның қазақ тілінде болмауы менің намысыма тиеді. Қазақтардың интеллектуалдық сұранысы төмен болғаны ма? 


Оқи отырыңыз: "Қазақстанда гендік инженерия мамандары тапшы". Гонконгтағы қазақ дәрігермен сұхбат


Қатысушылар сұрақтың жауабын ақылдасып жатыр. Фото: kipyat.com

Солайша, қазақша куиз жасауды қолға алып, өткен жылдың 24 наурызында алғашқы сайысымызды өткіздік. Ол да жаңа формат. Мерей Ермұханов, Аршат Ораз, Бибарыс Сейтақ, Бауыржан Мұқатай есімді аға-інілерім көмекке келді. Сұрақтардың бәрін өзіміз ойластырдық. Бұл біздің ерекшелігіміз. Өйткені, біздегі көп куиздер франшиза арқылы жұмыс істейді. Ұйымдастырушылар ойынды Ресейден немесе басқа елдерден сатып алғандықтан, сұрақты да солардан алады. Оның бір кем тұсы – ешбір сұрақтың Қазақстанға қатысы болмайды. Өйткені, шетелде отырған авторлар Қазақстанда не болып жатқанын білмейді ғой.

Ал біздің сұрақтарымыз тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді қамтиды, бірақ әзіл, білім, қызығушылық жағынан бізге өте жақын.

Сондықтан біздің куиз басқаларға қарағанда бір бас жоғары деп ойлаймын. Тек ұзағынан болсын деймін. Өйткені, бұл шын мәнінде өте үлкен жұмыс. Әр ойынға жаңадан 50-60 сұрақ құрастырамыз. Оның форматы ҰБТ сияқты сұрақ пен жауап нұсқаларынан тұрмайды. Сауалдарын құрудың өз заңдылығы бар. Мәселен, кейде жауап сұрақтың өзінде тұруы мүмкін. Сондай-ақ, бұл куизден шыққан адам сұрақтардың жауабын білмесе де, бір нәрсе үйреніп шықса екен дейміз.

Осы уақытқа дейін карантин, түрлі шектеулер болды. Соған қарамастан жеті ойын өткіздік. Басында ойынға тек 50-60 адам жиналса, соңғы ойынға 120 адам жиналды. 


Оқи отырыңыз: Тоқаевтың техник мамандарды Ресейде даярлау жөнінде айтқаны неге дау тудырды? Сарапшылар пікірі


Ойын ережесі қандай?

3-10 адам бірігіп, топ құрып, ойынға тіркеледі. Қатысу жарнасы – адам басына 2000 теңге. Қатысушылар ойын болатын күні белгіленген жерге жиналады. Ойын басында жүргізші барлық ережені түсіндіреді. Куиз алты турдан құралған. Әр тур тақырыбына, қиындығына қарай ерекшеленеді. Бір турда жеті сұрақ болады. Әр сұрақты жүргізуші оқиды, жауабын ойлануға бір немесе екі минут уақыт береді. Командалар ақылдасып, жауап парағына жауабын жазады. Тур аяқталған кезде жауап парақтарын жинап алып, комиссияға тапсырамыз. Олар тексеріп, әр команда қанша ұпай жинағанын есептейді. Ең көп ұпай жинаған үш командаға жүлделі орын беріледі.

Куиз барысы. Фото: kipyat.com

Жүлдені тағайындайтын серіктестеріміз бар. Осыған дейін National Geografic өз журналдары мен футболкасын,  Көкшетаудағы Prima Naturale зауыты сусындарын, Steppe&World кітап баспасы өз кітаптарын ұсынды. 

Солайша бір маусымда алты-жеті ойын өткізіледі. Маусым соңында финал болады. Ол жерде жеңген командалар одан да жақсы сыйлықтарға ие болады. 

Басқа қалаларда ұйымдастыру туралы

Өткен маусым керемет өтті. Әр ойын сайын сұраныс артып отырды. Адамдар тек ойнап қана қоймайды, әлеуметтік желіде бөлісіп, ақпараттық қолдау көрсетеді. Бұл үшін өте қатты қуаныштымыз. Өйткені мұндай жаңа форматтың танымал болуында қарапайым адамдардың үлесі жоғары. "Сарафанное радио" арқылы жаңа адамдар келіп, аудиториямыз өзгеріп жатыр. Басында жас қыз-жігіттер ғана келсе, кейін орта жастағы журналист, ғалымдар да қатыса бастады. Олар да ойын туралы жазып, достарын қатысуға шақырып жатты. Содан да болар, біздің танымалдығымыз геометриялық өсіммен өсіп келе жатқандай көрінеді.

Басқа қалаларда да ұйымдастыру туралы сұраныс бар. Шымкент, Алматы, Ақтөбе, Атырау қаласынан хабарласатындар бар. Олар да өз қаласында осындай ойын өткізгісі келеді.

Меніңше, бұл ойынға сұраныстың болғаны біздің санамыздың деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Тек тамақ ішіп, би билеп, ән салуды ғана ойламай, мимен жұмыс істеп, білімді сынға салатын жарысқа әуес болу – өте жақсы тренд.

Куиз барысы. Фото: kipyat.com

Оқи отырыңыз: "Жақсы көретінімді жеткізіңізші". Интернет бұғатталғанда еріктілер адамдардың хабар алысуына қалай көмектесті?


Жаңа маусым қашан басталады?

Биылғы маусымның алғашқы ойынын осы ақпан айында өткізуді жоспарлап отырмыз. Дайындығымыз біраз уақыт алды. Өйткені көп адам сыятын кең жер, жаңа серіктестер іздестірдік. Командамен жұмыс жасадық. Сондықтан, биыл сәл кешірек басталып жатыр. Дегенмен, ойында аса қатты өзгеріс болмайды. Өйткені форматы айқындалған, бір жолға қойылған. Тек алға қарай даму бар. Өткен маусымның тәжірибесін ескеріп, ұйымдастыру мен сұрақтардың сапасына сәл өзгерту енгіздік. Сонымен қатар, өткен маусымда екі аптада бір рет куиз өткізсек, биыл апта сайын өткізуді жоспарлап отырмыз.

Менің ойымша, өзгерте берсең, бастапқы нүктеге қайтып орала беретін сияқтысың. Сондықтан тек жетілдіре беру керек. Кейін шарықтау шегіне жеткен соң ғана өзгерістер енгізуге болады. Ол жағынан әлі "жас" ойынбыз. Сондықтан дамитын, өсетін жақтарымыз көп. 

Өткен маусымның жүлделері. Фото: kipyat.com

Серіктестер жаңалықтары