Алматының алмасын қалай ұлттық брендке айналдыруға болады?

Апорт алмасының салмағы бір келіге дейін жеткен. Қазіргі таңда рекордтық салмағы жарты келіден де аз.

Қазақстан президенті Қасым-Жомат Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары кезінде Алматының алмасын әлемге танымал ұлттық брендке айналуы керектігін айтты. Бұл президенттің апортты жаңғырту туралы бірінші тапсырмасы емес. 2019 жылы мемлекет басшысы алма бақтарының оталуын сынға алып, алманың апорт сортын қалпына келтіруді тапсырған болатын. Бұл оқиға үшін Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапановқа сөгіс жарияланған еді

Алматы алмасының сан ғасырлық тарихы бар. Апорт алмасын XIX ғасырда Ресейдің Воронеж облысынан қазіргі Алматы қаласы аумағына жер аударылған Игорь Редько есімді орыс бағбаны шығарған деген дерек бар. Ол Алатауда өсетін жабайы алма мен Ресей топырағынан әкелінген жемістің тұқымынан апорт сортын шығарған. Жаңа сорт Іле Алатауын жатсынбай, жақсы жеміс береді. Апорт алмасының салмағы 1 келіге дейін жеткен.

1990 жылдары қалада қарқынды құрылыс басталғанда алма бақтары аяусыз оталған. Қазір апорт бақтарында бұрынғыдай алма төгіліп тұрмаса да, бұл сорт түбегейлі жойылып кеткен жоқ. Апортты әлемге танымал ұлттық брендке айналдыру мүмкін бе? 


Оқи отырыңыз: Апорт алмасын жаңғыртуға жұмсалған 670 млн теңге еш нәтиже бермеген. Тоқаев тапсырмасы орындала ма?


Серік Садықов, Көшет өндіру қауымдастығының басқарма төрағасы: 

– Апорттың 120 формасы бар. 5-6 жыл бұрын Жетісу Алатауынан 18 формасын тауып, зерттей келе 11 формасын алдық. Апортты жабайы алмаға қосып отырғызады. Бес гектар жерге 11 тамырды жабайы алмаға қосып ектік. Қай түрі жақсы өнім беретінін, қайсы ауруға, ауа райына төзімді екенін анықтап, екі форманы іріктеп алдық. Енді бақтан алған материалдар бойынша көшеттер дайындап, екі-үш жылдан кейін бағбандарға, фермелерге ұсынамыз.

Алматы облысы әкімдігімен бірге апорт өсіруге болатын жерлердің картасын дайындап жатырмыз. Апорт барлық жерде өсе бермейді. Теңіз деңгейінен 850-1250 метрге шамасындағы биіктікте өсіру керек. Ең алдымен Іле Алатауында, Талғар мен Қаскелеңде, Есіктен жоғары жерлер бос па, бос болса, су бара ма, климаттық жағдай қалай – соны анықтау керек. Кейін Жетісу және Түркістан облысында да осы жұмысты істеуге болады. 

Кәсіпкерлер көшеті аласа шетелдік алмаларды еккенді қалайды. Олар сол алманың келісін көп болса 200-250 теңгеге көтерме бағада сатады. Былтыр апорттың келісін 2 мың теңгеге алдым. Осы көктемде кемінде 1 500 теңге болды.

Апортты сақтайтын сан түрлі технология бар. Шетелдік сорттар тамызға дейін қоймада сақтала береді. Ғалымдар апортты сақтау мерзімін қалай ұзартуға болатынын зерттеу керек.

Үкімет апорт өсіретіндерге субсидия берсе деген тілегім бар. Өйткені, апорт бес-алты жылдан кейін өнім бере бастайды. Фермер алты жылға дейін бақтан өнім ала алмайды. Ал орнына құлпынай не көкөніс ексе, олар қажет минералды элементтердің бәрін өзіне тартып алады. Сол себепті бауды күтіп-баптауға үкімет әр гектарға жылына 50-100 мың теңге төлесе, ол да көмек болар еді.

Қазақстанда апорт өсіретіндер көп емес. Ең біріншіден, бізде көшеттер жоқ. Кеңес одағы кезінде көшет дайындайтын мамандар болды. Апортты бренд дедік, сосын сұраныс артқаннан кейін лицензиясының бар-жоғына қарамай бәрі көшет дайындап кетті.

Жабайы алмаға апорт емес, басқа алманың тамырын салып отырғыза берген. Әке-шешеміз "апорт үлкен болатын, қазіргі алма апорт емес" дейтіні содан. Сондықтан көшеттің сапасын жоғарылату керек. 

Біз шетелге Қазақстан бренді деп "Рахат" шоколадын апарамыз. Алма да дәл солай бренд болуы керек. Екі жыл бұрын Air Astana компаниясының өкілдерімен сөйлесіп, халықаралық рейстерде жолаушыларға апорт беруді ұсынған едім. Бұл арқылы шетелдіктер үшін апорт Қазақстан брендіне айналар еді. 


Оқи отырыңыз: Кто привёз апорт в Казахстан? Новые сведения


Сағи Солтанбеков, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының "Талғар" аймақтық филиалының директоры:

– 2009 жылы академик, профессор Мағжан Исин "Алматы апортын жандандыру" гранттық жобасын бастады. 2011 жылы жобаға қосылып, сол жылы Жетісу Алатауында жабайы сиверс алмасының 18 формасын жинап, оларға ДНҚ талдау жасағанда 11-і апортқа жақын болды. 2014 жылы екі жылдық вируссыз, таза ғылыми дәлелденген көшет алдық. 2015 жылы көктемде Талғар ауданы Алмалы ауылында бес гектар баққа апорт алмасы көшеттерін отырғыздық. 

Биыл бақта апорттан алғашқы өнім алдық. Ғылыми себептермен алманы бір ай бұрын уақытына жеткізбей жинауға тура келді. Көшеттер 10 пайыз өнім берді. Иісі де, түрі де бұрынғы апорт сияқты. Апорт алмасының салмағы 470 граммға жетті. Уақытында алғанда салмағы 600-700 граммға жетер ме еді. Мақсатымыз – Алматы апортын жандандыру. Келер жылы 100 пайыз өнім алсақ, "апорт қайта жанданды" деп жар салып, бүкіл Алматы облысына таза көшеттер таратамыз.

Апорт таулы жерде өседі. Мемлекеттен биік жерлерді сұрап, сапалы көшеттер еккіміз келеді. Апорт алмасы жойылған жоқ, кішірейіп кетті. Оған өзіміз кінәліміз. Ғалымдар апорттың кішірейуіне, жоғалып бара жатқанына 16 фактор әсер етті дейді. Ең басты факторлар – теңіз деңгейін сақтамау, сапалы көшет дайындамау, агротехниканы сақтамау.

Алманың ең үлкен сорты – апорт. Ол 8-9 жылдан кейін өнім береді. Қазір бір-екі жылдан кейін-ақ өнім беретін сорттар бар, бірақ олар ары кетсе жиырма жыл өмір сүреді. Ал апорт алмасы 60 жылға дейін өмір сүріп, өнім бере алады. Апорттың келісі 1000-2000 теңгеден сатылады. Бірақ, бизнесмендер оның жемісін тоғыз жыл күткісі келмейді. Пайда табу үшін тиімсіз. Бірақ, дәл апорттай еш алма қымбат бағаланбайды.

Апорт – Алматының бренді. Қазақстанға сырттан келсе де, жерімізге сіңісіп, қасиеттерін көрсетті. Апортты ұлттық брендімізге айналдыру үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Алманың апорт сорты

 

Апорт тарихы

Алатаудың баурайында пайда болған апорт 1900 жылдары көбейіп, көпестер арқылы шетелге де тарай бастаған. 1908 жылы Германияда өткен бау-бақша өнімдерінің көрмесінде Верный қаласында (қазіргі Алматы) өсірілген апорт өте жоғары бағаланып, арнайы жүлде алады. Сондай-ақ, Франция, Англия және Венгрияда ұйымдастырылған түрлі көрмелерде де үздік танылған.

Осыдан кейін шетелдік бағбандар Алматы апортының тұқымын алып, оны өз елдерінде өсіре бастайды. Бірақ, Еуропа елдері мен АҚШ-тың бірқатар штатында апорт тамырланбай, өспейді. Ал Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сынды іргелес мемлекеттер өнім алған. Алайда, сапасы мен дәмі жөнінен Алматының апортына жетпейді. Бұл апорттың жер талғайтынын және Іле Алатауының алқабында ғана жақсы өсетінін білдіреді.

Редькодан кейін Алматы апортын дамытуға Никита Моисеев есімді бағбан күш салады. Ол бұл жемістің мыңға тарта көшетін өсірген. Бүкіләлемдік санақ бойынша 1945 жылы апорт сорты Алматы төңірегінде өсірілген басқа алма түрлеріне қарағанда 70 пайызға дейін көп болған. Бірақ, 1950 жылдары болған қаһарлы қыстың суығынан апорт түптерінің 11 пайызын үсік шалған.

1980 жылдары Қазақстандағы апорт бақтарының көлемі 100 мың гектарға жетеді. Алайда, көбісі қараусыз қалып, ондағы жеміс ағаштары тоза бастайды. 1990 жылдары алма бақтары аяусыз оталып, қалада қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізіле бастаған. Кезінде апорт бақтары орналасқан аумақта ғимараттар бой көтерді. Айталық, қазіргі Қазақфильм, Алмагүл, Таулы қырат ықшамаудандарының орнында бұрын алма бақтары жайқалып тұрған еді.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

 Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Серіктестер жаңалықтары