"60 мың үйге жарық береді". Алматы облысындағы жел станциясының құрылыс алаңынан репортаж

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz

Қазақстанда 40 жел электр станциясы жұмыс істейді.

Алматыдан 140 шақырым жерде қуаты 60 МВт жел электр станциясы салынып жатыр. Станция жылына 225,7 млн кВтс электр энергиясын өндіреді. Бұл – 60 мың үйді қамтуға жеткілікті қуат. ЖЭС парниктік газдар шығарындыларын 206 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ жылына шамамен 89 мың тонна дәстүрлі отынның орнын басады. Informburo.kz тілшісі Шелек дәлізіне барып, ЖЭС құрылысымен танысып қайтты.

Энергетикалық нысан Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек дәлізінде орналасқан. Мұнда әрбір номиналды қуаты 2,5 МВт болатын 24 жел энергетика қондырғысы, қосалқы станция, электр қуатын тасымалдайтын әуе желілері мен ілеспе инфрақұрылым нысандары салынады. Жобаның жалпы құны – 37,4 млрд теңге.

Шелек дәлізіндегі желдің орташа жылдық жылдамдығы 50 метр биіктікте 7,8 м/с деңгейіне жетсе, ағынның тығыздығы 310 Вт/м2 құрайды. Болашақта ЖЭС қуатын 300 МВт-қа дейін арттыру жоспарланып отыр.

Жел генераторын монтаждау / Фото: Informburo.kz

"Құрылысты бастамас бұрын жел қарқынын өлшедік. Одан кейін жел генераторларын орналастыру моделі әзірленді. Көлеңкелеу деген эффект бар, жел қондырғысы желді өткізгеннен кейін екіншісіне де мүмкіндік беру керек. Мұнда жел қарқыны 8,1 м/с құрады. ЖЭС жылдамдығы 5 м/с асатын алаңдарға салынады. Жері теп-тегіс, Шелек дәлізінің қос қалқаны тау болған соң жел екі бағытқа соғады. Бұл жерде ЖЭС-тен бір ГВт-тан жоғары электр қуатын өндіруге болады. Жергілікті электр компаниясы нысанды қабылдауға дайын. Паркті кеңейтер болсақ, жаңа қосалқы станциялар мен желілер салу қажет", – деді "Самұрық-Энерго" АҚ "Жобалар портфелін басқару" кеңсесінің басшысы Аңсар Айдаров. 


Оқи отырыңыз: Энергетика сарапшысы: Көмір станцияларынан әзірге бас тартудың қажеті жоқ


Аңсар Айдаров / Фото: Informburo.kz

Жел генераторлары өндірген электр энергиясы ортақ жинау қосалқы станциясында жинақталады. Трансформаторлар кернеуді 35 кВ-тан 110 кВ-қа көбейтеді. Электр энергиясы 42 км жердегі "Шелек 68И" торапты аралық станциясына жеткізіліп, әрі қарай энергокешендерге таратылады. Энергияны теңгерімдеуге желілік оператор жауап береді. 

ЖЭС іске қосылғанда қосалқы станцияда бес оператор ғана жұмыс істейді. Олар қондырғылардың жағдайын бақылап отырады. Әр генераторда 30-35 датчик бар. Электр энергиясын тіркейтін автомат жүйесі, мониторинг, болжау бағдарламалары жұмыс істейді. 

ЖЭС қалақшасын монтаждау / Фото: Informburo.kz

Жобада энергияны жинақтауыш қарастырылмаған. Десе де болжам жасау жүйесі жұмыс істейді. Аңсар Айдаров жобаны кеңейткенде міндетті түрде жинақтауыш қолдану керек дейді. Ол кезде энергияны бірқалыпты кестемен беріп, режимді сақтау қажет. 

"Жел генераторы айтарлықтай операциялық шығындарды талап етпейді. Майды ауыстырып, күтіп-баптау керек. Барлығы бірге жұмыс істейді. Біреуінде ақау болса тоқтатылады, ал қалғаны жұмыс істей береді. ЖЭС жел жылдамдығы 25 м/с дейін жұмыс істейді. Егер жел одан да күшті болса генераторлар тоқтайды", – деді ол.

Фото: Informburo.kz

Жел генераторлары 25 жылға жарамды. Оларды әрі қарай жаңғыртып, жаңасына ауыстыруға болады. Инвестиция төлқұжатында 15 жыл деп көрсетілген, өйткені осы уақыт аралығында мемлекет субсидиясымен кепілді электр энергиясын береді. Әрі қарай қалыпты нарық шарттарымен жұмыс істейді. 

"Жоба 15 жыл бойы кепілдендірілген электр энергияны сатып алу мемлекет қолдауы есебінен іске асырылады. ЖЭС үшін 1 кВт – 22,68 теңге тарифі бекітілген. Бүгінде тарифтің мемлекет субсидиялайтын бөлігі 1 теңгеден аспайды. Түпкілікті тұтынушының қалтасына салмақ түскенімен экология, инвестиция, жаңа жұмыс орны мен компетенциялар, халықаралық деңгейде міндеметтелерді алу және орындау секілді оң тұстары барын ұмытпау қажет", – деді "Самұрық-Энерго" өкілі.  


Оқи отырыңыз: Қазақстанға қандай ядролық реактор қажет? Сұхбат


Фото: Informburo.kz

Аңсар Айдаров Шелекте ЖЭС қана емес, қуаты 350 ГВт СЭС салуға болатынын айта кетті. "Самұрық-Энерго" Шелек дәлізінен бөлек, Ерейментауда қуаты 50 МВт жел электр станциясын салу жобасын іске асырып жатыр.  

Құрылыс 1,5 жылдан бері жалғасып жатыр, 75 пайызға аяқталған. 24 қондырғының 13-і орнатылды. Қытайлық GoldWind компаниясы шығарған жабдықтар әкелінген. Жобаны "Самұрық-Энерго" холдингі Power China қытай корпорациясымен бірге жүзеге асырып жатыр. Құрылысқа 300 адам жұмылдырылған. Оның ішінде шетелдік инженерлер де, жергілікті жұмысшылар да бар.

Қытайлық мамандар жергілікті инженерлерге станция салу, жобалау, іске қосу және күтіп-баптауды үйретеді, яғни ЖЭС құрылысы жаңа компетенцияларды меңгеруге мүмкіндік берді.

Хэ Дзюнвень / Фото: Informburo.kz

"2000 жылдардан бастап Қытайда жаңартылатын энергия көздеріне ерекше мән беріліп, үлкен жобалар қолға алынды. Елде ауаның ластануы үлкен мәселеге айналғандықтан көмірді пайдалануды азайтты. Қазір технологиялар дамығаны сонша ЖЭС-ті кез келген жерде, тіпті теңізде де сала береміз. Бұл жобаны 2019 жылы бастадық, бірақ коронавирус пандемиясына байланысты жұмыс баяулады. Шелек дәлізі жел және күн электр станциясын салуға таптырмас орын. Жоба аяқталған соң қазақстандықтарға білгенімізді үйретіп, әлеуметтік жобалар жасаймыз", – деді Hydrochina корпорациясының өкілі Хэ Дзюнвень. 

Алматы қаласы мен облысы бір энергокешенге кіреді. Алматы ЖЭО, Қапшағай және Алматы Каскад ГЭС, Жамбыл ГРЭС, сондай-ақ Есік, Мойнақ, Қатарал, Талдықорған ГЭС жұмыс істеп тұрғанына қарамастан Алматы қаласы мен облысында энергия тапшылығы бар. Облыстағы өндіруші күштер мұндағы электр қуатына деген сұраныстың жартысын ғана өтейді.

Тапшылық сыртқы энергия өндірушілер, яғни республиканың солтүстік облыстары, Жамбыл ГРЭС және Қырғызстан есебінен жабылады. Осы аталған факторлар, сондай-ақ өңірде жаңартылатын энергия көздерінің қолайлы ресурстық базасының болуы "Самұрық-Энерго" жобасы – Шелек дәлізіндегі қуаты 60 МВт жел электр станциясын салуға негіз болып отыр. 

Трансформаторлар / Фото: Informburo.kz

"Алматыдағы жылу электр орталығын газға ауыстыру және қуатын арттыру секілді стратегиялық кешенді шаралар бар. Агломерацияда жаңартылатын энергия көздері нысандарын салып, кәсіпорындар мен тұрғындарға қажет электр жүктемесін жабу керек. Жаңартылатын энергия көздері есебінен генерация көлемін арттыру үшін маневрлік қуатты да арттыру керек. Ол үшін газбен жұмыс істейтін үшінші ЖЭО қуатын арттыруды жоспарлап отырмыз. Екінші ЖЭО бойынша техникалық-экономикалық негіздемесін әзірледік. Мемлекеттік сараптама оң бағасын берді. Жоспар бойынша жобаны ЕҚҚД банкі қаржыландырады. Банк жобаны мақұлдау үшін экологиялық, техникалық және қаржылық сараптама жасап жатыр. Биыл келісімшартқа қол қойып, жобалау мен құрылыс-монтаждау жұмысына кірісеміз", –  деді "Самұрық-Энерго" АҚ "Жобалар портфелін басқару" кеңсесінің басшысы Аңсар Айдаров. 

2009 жылы жаңартылатын энергия көздерін қолдауға бағытталған алғашқы заң қабылданды. Қазақстанда 135 электр станция, оның ішінде 50-ге жуығы – күн, 40 – жел, 40 – су, бес био электр станциясы бар. 2021 жылы 4 млрд кВтс электр энергиясы өндірілген. Тағы 10 электр станция пайдалануға берілмек.   

Алмат Қабыкенов/ Фото: Informburo.kz

"2030 жылы жалпы баланстағы электр энергиясының үлесінде жаңартылатын көздерді 15 пайызға жеткізу керек. Қазір 3 пайыздан астық. Жаңартылатын энергия көздеріне су, жел, күн және био жатады. Бізде био өте аз, өйткені электр энергиясын генерациялау үшін биомасса көп қажет. Өте қымбат тұратын жоба және өндіретін электр қуаты да өте аз. Бүгінде ел жаңартылатын энергия көздеріне толық көшкен бір де бір ел жоқ. Германияда шахталардың барлығы жабылып жатыр, бірақ газбен жұмыс істейтін станциялар бар. Скандинавия елдері де жаңартылатын энергия көздерін толық тұтынуға жақындап келеді", – деді 80-ге жуық мүшесі бар "Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығы" ЗТБ басшысы Алмат Қабыкенов.  

"Жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасы бойынша электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу көзделген. 

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерінің ресурстық әлеуеті:

  • жел – 920 млрд кВтс;
  • су – 62 млрд кВтс;
  • күн – 2,5 млрд кВтс;
  • геотермалды сулардың жылу әлеуеті – 4,3 ГВт.

Қазақстанда жаңартылатын энергия саласындағы барлық жобалар инвесторлардың меншікті және қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылады және республикалық бюджеттен қаржыландырылмайды.

Серіктестер жаңалықтары