Қазақстандықтардың үштен бірі биліктен өзгерістер күтеді

Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында 9-шы маусымда өткен Президент сайлауына қатысты сауалнама жүргізіпті. Оған елдегі 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) тұратын 1100 адам қатысқан. Олардың 49%-ы саяси хабарларға анда-санда көз салса, үштен бірі оны мүлт жібермейтіні белгілі болған.

Халықтың бестен бірі ғана елде болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарайды екен. Респонденттердің 67%-ы сайлауға қатыстым деп жауап берген. Сұралғандардың жартысы (53%) Қ.Тоқаев қызметіне ресми түрде кіріскеннен кейін елдегі жағдай жақсарады деп үмітті. Үштен бірінің (28%) болжамынша, барлығы сол қалпында қалады. Қазақстандықтардың басым бөлігі үшін елдегі тұрақтылық аса маңызды. Азаматтардың үштен бірі (33%) биліктен оң өзгерістер күтеді.

Сауалнамаға жауап бергендердің арасында 18-24 аралығындағы жастар арасында наразылық нышандары байқалады. Басқа топтарға қарағанда, осы жастар өзгерістердің болғанын қатты қалайды екен (48%). 55 пен 64 жас арасындағы қатысушыларға елдегі тұрақтылық маңызды.

46 мың астаналық медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалған

Бас қаладағы №2 көпбейінді аурухананың бас дәрігері Иван Лидің айтуынша, олардың бәрі өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар.

- Қысқа уақытта халықтың осы тобының статусын анықтамасақ, 2020 жылдан бастап әлеуметтік дау-дамай туындау қаупі бар, – дейді И.Ли.

Бас дәрігер бұқараның басым бөлігінің келер жылы өздерін не күтім тұрғанынан бейхабар екенін айтады.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Білім министріне үндеу жариялады

ҚР Омбудсмені А.Шәкіровтің айтуынша, балаларды алты жастан мектепке қабылдау жүзеге асыру маңызды пайымдауды талап етеді. Соның ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес оны орындамау айыппұлдан әкімшілік қамауға дейін жазаға әкеп соғады.

- Келіп түскен өтініштерді талдау нәтижесінде, көптеген азамат үшін бұл жаңалық форс-мажорлық жағдай болып табылатын атап өту қажет. Өйткені жаңа норманың күшіне енуі 2016 жылдың сәуір айында заң жүзінде қарастырылғанына қарамастан, қажетті ақпараттық-дайындық және тәжірибелік сүйемелдеу жүргізілмеген,- делінген омбудсменнің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өткен жылы еліміздің мектептерінде бір сыныпқа 25 оқушыдан көп бала қабылданғанын атап өтті. Ол мұның заңбұзушылық екенін, биыл да осы жағдай қайталанып, үш ауысымды мектептер саны көбею қаупі барын айтады. Бұл тұрғыда омбудсмен үндеухатының соңында уәкілетті органға жағымды бастаманы іске асыру кезінде жағымсыз салдарларды болдырмау шараларын қабылдау мақсатында қалыптасып жатқан жағдайды жан-жақты талдауды ұсынды.

Ұлттық университтердің ректорлары бұдан былай конкурстық негізде таңдалады

Бұл туралы Президент Қ.Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды.

"ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке ұлттық университеттердің ректорларын конкурстық негізде Үкімет қаулысымен тағайындау жөнінде нормативтік құжаттар әзірлеуді тапсырдым. Қазіргі ректорларды Президент жарлығымен тағайындау процедурасы күшін жояды" делінген Мемлекет басшысының жазбасында.

Алматының аудандық әкімдіктері мүгедектерді жұмыспен қамтуға бөлінген қаражаттарды игермеген

"Әлеуметтік қызметкерлер, мүгедектер және еріктілер ассоциациясы" қоғамдық бірлестігінің президенті Гүлнұр Хакімжанованың айтуынша, 2018 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға 770 жұмыс орнын ашу үшін 105 млн теңге бөлінген. Алайда әкімдіктер бұл қаржының 24 млн игеріп, жоспарлы көрсеткіштің 13%-ын ғана орындаған. Бірлестік басшысы атқарушы органдардың бағдарламаны жүзеге асырмай отырғанымен бірге, оны орындауға жауапты еместігін алға тартты. Бұл ретте кәсіпкерлердің мүгедектерді жұмысқа тұрғызуға құлықсыздығы да айтылды.

Еуразия экономикалық одағына мүше елдер валюта бағамының саясатын үйлестіру жөнінде кеңес құрады

Одаққа мүше елдердің бағам саясаты жөніндегі кеңесі туралы келісім жобасын Еуразия экономикалық комиссиясы мақұлдады. Құжат одақ туралы келісім-шарт шарттары негізінде әзірленген.

Онда бағам саясатын құрамына одаққа мүше елдердің ұлттық банк төрағалары кіретін бөлек орган үйлестіретіні нықтап жазылған.

Магистратураға грантқа түсу үшін кешенді тестілеудің шекті балы төмендетілуі мүмкін

Білім және ғылым министрлігі осындай ұсыныс тастады. Қаулы жобасы талқылау үшін Ашық үкімет порталына жарияланды.
Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, болашақ магистранттар конкурсқа қатысу үшін қазақ және орыс тілдерінде оқитын магистратура үшін кешенді тестілеуден 75 балл алу (бұрын 100 балл), ағылшын тіліндегі магистратураға 50 балл (бұрын 60 балл) алу жеткілікті.

Қазақстан мен Өзбекстанды жалғайтын "Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы" автожолы ашылды

Ұзындығы 85 шақырымды құрайтын көлік дәлізі Қазақстан мен Өзбекстанның транзиттік әлеуетінің артып, арадағы сауда айналымының өсуіне ықпал етпек. Салтанатты шараға екі елдің премьер-министрлері Асқар Мамин мен Абдулла Әріпов қатысып, жобаның сәтті аяқталуымен құттықтады. Жаңа жол – Орталық Азия елдері тауарларын Ресей мен Кавказға, одан әрі қарай Еуропаға кедергісіз жеткізуге мүмкіндік беретін ең қысқа жол болып отыр. Жолды жөндеу жұмыстары 2017 жылы шілдеде басталған. Құны 19,8 млрд тұратын жобаға "Теміржол Жөндеу" ЖШС мердігер болды. Қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылған.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанның оңтүстігінде 45 градусқа дейін ыстық болады. Қазгидрометтің хабарлауынша, Ираннан жылжыған ыстық ауа ағындарына байланысты алдағы үш күнде республиканың оңтүстік облыстарында 35-40 градус ыстық пен елдің оңтүстігінің кей аумақтарында 45°С дейін ыстық сақталады. Ал Қазақстанның солтүстік және шығыс облыстарына Оралдан жылжыған салқын әрі ылғалды ауа әсер етеді. Нәтижесінде ыстық басылып, кей жерлерде найзағай ойнап, жаңбыр жауады.

Baq.kz: Құрбан айтқа арнайы демалыс берілмейді. Конституция күнін қосқанда қазақстандықтар тамыз айында 10 күн демалады. Биыл Құрбан айттың алғашқы күні 11 тамыз, яғни жексенбіге түсіп тұр. Алайда мейрам ұлттық немесе мемлекеттік мереке болмағандықтан, демалыс күні ауыстырылмайды. Күнтізбе бойынша 30 тамыз – Конституция күні жұмаға түсіп тұр. Сондықтан бұл күні қазақстандықтар жұмыс істемейді. Әрі қарай демалыс күндері болғандықтан, қатарынан үш күн демалады.

Massaget.kz: Алматы – әлемдегі ең қауіпті елдердің тізімінде. Numbeo порталы әлемдегі ең қауіпті қалалар тізімін жариялады. Әлемдегі ең қауіпті 328 қала ішінен Алматы 29,8 ұпаймен 21 орынды иеленген. Тізім 2019 жылдың бірінші жартысында әртүрлі елдердің азаматтарынан онлайн сауалнама жүргізу негізінде құрастырылған. Әлемдегі ең қауіпті 10 қала: 1) Каракас, Венесуэла 14.74 (ең жоғарғы ұпай 100) ұпай; 2) Питермарицбург, Оңтүстік Африка 17.06; 3) Пор-Морсби, Папуа-Жаңа Гвинея 18.79; 4)Сан-Педро-Сула, Гондурас 18.83; 5) Претория, Оңтүстік Африка 18.84; 6) Дурбан, Оңтүстік Африка 19.58; 7) Йоханнесбург, Оңтүстік Африка 19.68; 8) Форталеза, Бразилия 20.59; 9) Сальвадор, Бразилия 22.10; 10) Рио-де-Жанейро, Бразилия 22.21.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter