Прямой эфир Новости спорта

Мәдина Сәдуақасова Инстаграм парақшасы арқылы тікелей эфирге шығады

Фото әншінің жеке мұрағатынан алынды
Фото әншінің жеке мұрағатынан алынды
Әнші технологияның мүмкіндіктерін пайдаланып, Beeline-ның қолдауымен әлемжеліде ән сүйер қауыммен жиі жүздесетін болады. Алғашқы кездесу 25 қыркүйекте өтеді.
Мәдина үшін өмірдегі әр жетістігі жеңіспен пара-пар. Ол адам бойындағы талантты тек еңбек ашады дейді. Өзі еңбектеніп, тер төгуден ешқашан қашқан емес, сондықтан әлі талай биіктерді бағындыратынына сенімді.

Алғашқы сәтті қадам

20 жыл бұрын Мәдина "Махаббат жалыны" атты әнімен халықты баурап алды. Өнердегі сәтті басталған алғашқы қадамы туралы былай деп еске алды:

– Автобусқа отырғанда радиодан өз әнімді алғаш рет естіп, өз құлағыма сенбедім. Ол уақытта интернет деген жоқ. Әніңнің қалай таралып жатқанын да біле алмайсың. Әнді ести салысымен, қосылып айтып кете жаздадым.


Мадина алғашқы әнін автобуста естіген

Автобусқа отырғанда радиодан өз әнімді алғаш рет естіп, өз құлағыма сенбедім, – дейді өнерге келген жолын есіне алған Мәдина / Фото informburo.kz


Тіпті қуанышым кеудеме сыймай, "мен мына әннің орындаушысымын" деп айқайлағым келді. Сол шалқыған көңіл күймен автобустан түсіп, біраз жер жаяу кетіп қалыппын.

Мейлі, ешкім түрімді танымаса да, әнімді сүйсіне тыңдаған халықты көріп, ерекше күйге бөлендім. Ал халықтың әнге талғамы жоғары. Сол кезде бар ғұмырымды әнге арнаймын деп шештім.

"Әскери тәртіппен өмір сүрдім"

– Меніңше, жетістікке жеткісі келетін адам алдымен өз мақсатын айқындап алуы керек. Маңдай теріңді төгіп, еңбектенбесең мақсатыңа жету қиын. Президенттік оркестрдегі бес жылдық тәжірибем темірдей тәртіпке үйретті. Қолға алған шаруаны тыңғылықты орындаймын және басқа адамдардан соны талап етемін. Президенттік оркестрден кейін Гүлдер ансамблімен бірге үш жыл ауыл, қалаларды аралап, концерт бердік. Осылайша танымалдылықтың алғашқы баспалдағына қадам бастым.

Әнші 1995 жылы "Музыкальный вояж", ал 1999 жылы "Жас қанат" жастар байқауының жеңімпазы атанды. Дәл сол жылы "Азия Дауысы" байқауында да бағын сынаған.


Мәдина 20 жылдық есеп беру ән кешінде

Мәдина 20 жылдық есеп беру ән кешінде / Фото әншінің инстаграм парақшасынан алынды


– 2016-да сахнада өнер көрсеткеніме тура 20 жыл толды. Соны қорытындылау мақсатында үлкен концерт өткіздім. Әрине, 20 жыл аз уақыт емес. Өнерде біраз жетістіктерге қол жеткіздім. Алайда тәжірибеме арқа сүйеп, бір жерде тұрып қалмаймын. Үнемі ізденіс үстінде жүретін адаммын. Білімімді әлі де толықтыра түсу ойымда бар. Дәл қазіргі уақытта тұрмыс құрып, ана атанған соң, білім алу туралы жоспарымды кейінге ысырып қоюға тура келді.

Алған мамандықтарым өмірде пайдасын тигізіп келеді

– Мен музыкалық колледж бітіргеннен соң, музыкалық академияға түскенмін. Аяқтамадым. Бірақ психолог, журналист мамандықтарын игергенім рас. Алайда жоғары оқу орнынан алған білімім өмірде маған көп көмегін тигізіп келеді, – дейді Мәдина.

"Күйеуімнен көп нәрсе үйрендім"

Мәдина өзін жолы болғыш жандар қатарына жатқызады. Өмірінде кездескен асулардан сүрінбей өтуіне ата-анасы мен достары көмектессе, енді өзінің отбасы қолдау көрсетіп келеді екен.

– Күйеуім Олжас – режиссер болғандықтан, телевизия саласының мен білмейтін қыр-сырларын үйретті. Сұхбат берер кезде сырт келбетімнің сол ортаға сай үйлесімді болуын қатты қадағалаймын. Тіпті түр-түстің сай келуіне мән беретін болдым. Атқарған істеріме, қол жеткен жетістіктеріме де сын көзбен қарауды үйрендім.

Ашық-жарқын мінезімнен шығар, өнерде де, өмірде де достарым көп. Содан да өнер жолында кедергі көп кездесті, біреулер аяғымнан шалды деп айта алмаймын. Алайда сыр бөлісер, жаныңа жақын тұтар нағыз достардың орны бөлек қой. Олар менің ішкі жан дүниемде болып жатқан өзгеріс, толқыныстарды бірден аңғарады.

Ал өнердегі достарымды мен бір үлкен толқынға теңеймін. Біз біріксек, алынбайтын қамал қалмайды. Өйткені ауызбіршілігіміз өте күшті. Өкінішке қарай артымыздан келе жатқан сондай толқынды байқамадым.

"Қателігімнен сабақ аламын"

Мәдина ән айтумен бірге теледидарда жүргізушілікті қатар алып жүр. Алғаш рет Хабар арнасынан көрсетілген "Таң қалмаңыз" бағдарламасы арқылы тележүргізуші ретінде халық алдына шыққан болатын. Содан бері Қазақстанда өткен бірқатар ірі іс-шаралардан тікелей эфирде хабар жүргізді.

– Үлкен іс-шараларды, концерттерді жүргізуге шақырту алып тұрамын. Алайда қателік жіберіп алған кезім де болды. Ондай кезде қателіктерімнен сабақ алып, нәтиже шығаруға тырысамын. Сосын бойыма күш жинап, ары қарай ұмтыламын. Жалпы өзімді өмірде мойымайтын, күшті адамдардың санатына жатқызамын, – дейді ол.


Мәдина өзін күшті адамдардың қатарына жатқызады

Мәдина жануарларды жақсы көреді / Фото әншінің инстаграм парақшасынан алынды


"Осындай адал жанкүйер тауып алыңдар"

Халық қашанда өзінің сүйікті әншісінің әрбір қадамын назардан тыс қалдырған емес. Тіпті жеке өміріндегі өзгерістерді бақылап отырады.

– Әндерімді халықтың жылы қабылдайтынын білемін, халқымның қолдауы мені шабыттандырады. Тіпті жақында Тұрсынбек Қабатов үлкен сахнада тұрып, жасы 40-тан асса да тек менің өлеңдерімді тыңдап келе жатқан адал жанкүйерім екенін хабарлады. Бір қызығы, қанша жыл өтсе де, ол менен өзге ешбір әншіні мойындамайды екен. Достарымның алдында осындай адал жанкүйерлерімнің барын айтып, мақтанамын. Тіпті оларға "осындай адал жанкүйер тауып алыңдар" деп қалжыңдаймын.

"Халық сүйікті әншісін тоңдырмайды, жаман киім кигізбейді"

– Мен – табысты әншілердің бірімін. Forbes журналындағы Қазақстандағы бай әншілердің тізіміне енген соң, мойындауыма тура келді. Өйткені журнал арнайы зерттеу жүргізіп, Қазақстандағы ивент компаниялардан, концерт пен той ұйымдастырушылардан қай әншінің көп шақырту алатынын сұрастырып білген. Сосын журналдан маған хабарласқанда, жасыра алмадым. Бірақ іле-шала салық комитетінен хабарласып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуімді өтінді. Қазір заңды сыйлайтын азаматша ретінде салық төлеп отырамын.


Мәдина Сәдуақасова Қазақстандағы табысты әншілердің бірі

Мәдина Сәдуақасова – Қазақстандағы табысты әншілердің бірі / Фото әншінің жеке мұрағатынан алынды


"Өмірімді бизнеске емес, өнерге арнаймын"

– Менің басқа жеке кәсібім жоқ. Жеке кәсіп ашу туралы ойланған емеспін. Инстаграмдағы парақшам да табыс көзі болып саналады. Ал концерт пен тойдан түскен қаражат көбіне ән жаздыртуға, жаңа көйлек тіктіруге кетеді. Халықтың адамы болғандықтан үнемі жарқырап жүруге, жақсы киінуге тырысамын. Осы мәселеге қатысты Роза Бағланова апамыз "Мен – халқымыздың басына қандай қиын заман орнаған кезде де халықтың сүйікті әншісі болдым. Ал халық сүйікті әншісін тоңдырмайды, жаман киім кигізбейді" деген екен.

Америка Құрама штатына бір концерттік бағдарламаға алыс-жақын шетелдерден тыңдарманы көп әншілерді шақырған екен. Мен сол концертке 4400 доллардың көйлегін киіп, "Бір бала" әнін шырқадым. Менің әнімді бар зейіндерімен тыңдағаны соншалық, залда тырс еткен дыбыс естілмеді. Сондықтан әнді нақышына келтіріп орындауға бар күшімді жұмсаймын, құлаққа жағымды дауыстан басқа әншінің сырт келбеті де келісті болуы керек. Сондықтан үстіме киетін киімге қатты мән беремін.

Жаңа қоныс пен жаңа ән

– Қазір жаңа үйге көшіп жатырмыз. Сонымен айналысып жүргенде жаңа әндер жазылмай қалды. Ал халықтың әншіден үнемі жаңа ән күтетіні белгілі. Сонымен қатар Москва қаласында МИР телеарнасының ұйымдастыруымен өтетін 13 пен 17 жас аралындағы балаларға арналған "Во весь голос" байқауына талантты балаларды тәлімгер ретінде алып бармақпын.

Әнші үнемі неден сақтанып жүреді?

– Әншілердің басынан қызықты жағдайлар көп өтеді. Мен бір концертке барғанымда бетті әрлейтін бөлменің ішіндегі әжетханаға 20 минутқа қамалып қалғаным бар. Өйткені айна сол жерде ғана бар еді. Қолымда опа-далаптан өзге ештеңе жоқ. Ұялы телефонымды да тастап кетіппін.

Сөйтіп концертке кешігіп қала жаздағаным бар. Қорқыныш бойымды билеп алғаны соншалық, әлі күнге дейін бетті әрлейтін бөлмеде жалғыз қалуға үрейленемін.

Туған жерден тікелей эфир жүргізеді

Мәдина тұрмысқа шығып, ана атанғалы бері туған жеріне барып-қайтуға жол түспепті. Оның талантын бағалап, әнін сүйіп тыңдайтын тыңдармандары әншімен кездесуді асыға күтіп жүр. Сол себепті Мәдина 25 қыркүйекте туған жері Қызылорда өңіріне барып қайтуды жоспарлап отыр. Ол жерде Қазақстанның басқа өңірлеріндегі тыңдармандары сүйікті әншісін инстаграм парақшасынан тікелей эфирде көруге мүмкіндік алады.

– Мен шынымды айтсам, инстаграмдағы парақшамда қанша оқырманым болса да, тікелей эфир жүргізіп көрмеппін. Қазір технология күн санап дамып келеді. Бұрын ондай мүмкіндік болған жоқ. Beeline компаниясы қазір барлық Қазақстанның ірілі-ұсақты қалаларын 4G интернет жүйесімен қамтамасыз етіп отыр. Міне, осы мүмкіндікті пайдаланып, тікелей эфирге шығуды жоспарлап отырмын.

Мен алдымен Қызылорда қаласындағы өзім оқыған мектебімнің ұстаздарын алда келе жатқан мерекесімен құттықтағым келеді. Соны Beelinе компаниясының жаңа іске қосылған 4G интернет желісі арқылы көрсетемін. Егер сыннан сүрінбей өтсек, үнемі инстаграмда тікелей эфир жүргізіп, тыңдармандарымды қуантып отыратын боламын.

Армансыз адам болмайды

– Адам бір арманына қол жеткізгенде, екіншісіне қолын созады. Бұл – заңдылық. Мен шетелде үлкен жеке концертімді өткізуді армандаймын. Қазақ деген ұлттың киелі өнерімен таныстырып, өнерін әлемге паш еткім келеді. Ал екінші арманым – Алладан қыз сұрап жүрмін. Тіпті бұл арманымның орындалуына халық – тілекші. Өйткені инстаграмға осындай тілектер көптеп жазып жатады.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров