Ал парламенттік басқаруды президенттік билікке өзгерткеніне жылға жақындаған Түркия Сириядағы күрд жасақтарына соғыс ашты. АҚШ болса, Қытаймен саясатын қайтадан қарай бастады.

Оңын – аю Ресей мен солын – екі айыр тілін жалаңдатқан айдаһар Қытай қоршаған барыс Қазақстанның тағдыры кімнің қолында? АҚШ-тан не қайыр?

"Ши Жинпиң – мәңгілік әрі шексіз билікке кенелді"

Осы жексенбіде, яғни 2018 жылы 11 наурызда қытайлар ақыры Ши Жинпиң төрағалық еткен компартияның ұсынысын қабылдап, Конституцияға өзгеріс енгізді. Ол кезекті XIII Қытай халық құрылтайының жалпы жиналысында мақұлданды. Бұл өзгерістерді құрылтай өкілдерінің 2958-і "мақұлдаса", екі адам қарсы болған. Үш адам қалыс қалыпты.

Сонымен не болды?

Қытай Конституциясының 79 бабы, 3 тармағында "Қытай халық республикасы төрағасының және төраға орынбасарының өкілеттік мерзімі бүкілқытайлық халық құрылтайының әр сессиясының өкілеттілік мерзімімен бірдей болады және екі мерзімнен артық уақыт қызмет етпейді" делінген.

Енді осы тармақтағы мемлекет төрағасының өкілеттігін шектейтін соңғы "екі мерзімнен артық уақыт қызмет етпейді" деген сөйлем алынып тасталды.


Ши Жинпиң Халық құрылтайы өкілдерімен бірге / Шинхуа агенттігі

Бұл туралы Шинхуа (Синхуа) агенттігі мен Қытай халық құрылтайының баспасөзі хабарлады.

Ши Жинпиң – компартияның, мемлекеттің, орталық әскери істер комитетінің төрағасы ғана емес, құқық қорғау органдарын да бір қолына шоғырландырған басшы, онсыз да шексіз билікке ие еді. Енді өз билігін қалаған уақытқа дейін соза алатын мегаавторитарлық тұлғаға айналды.

Мәңгілік билік орнаған көршілеріміз көбейіп жатыр

Прагада тұратын журналист Ғалым Боқаш фейсбук парақшасына: "Қытай өзгерді. Коммунистік партия диктатурасынан гөрі авторитарлық президент билігін жөн көрді. Жексенбі күні Си Жинпиң "мәңгі басшы" болып бекітілді. Енді наурыздың 18-інде Ресей бейресми "мәңгі президентін" қайта "сайлап" алмақшы" деп жазды.

Айта кетейік, Ресей президенті В.Путин де Ресейдің ата заңын өзгертпестен-ақ, досы Д.Медведовты бір мерзімге президенттік таққа отырғызып, өзіне қайтадан сайлануға мүмкіндік алғаны белгілі. Осылайша В.Путин 1999 жылы 16 тамыздан бері Ресей билігін қолынан бермей келеді.

Бұл тізімге тағы бір үлкен көршіміз Түркияның президенті Ердоғанды да қосуға болады. Реджеп Тайип Ердоған 2003 жылғы 14 наурыздан 2014 жылға дейін премьер-министр болды. 2014 жылдан бері президент тағына отырды. Және парламенттік түзімдегі басқару формасын президенттік басқару формасына өткізу арқылы өз орнын бекемдеп алды.

Бұл жолы Қытай Конституциясына 21 түрлі өзгеріс енгені белгілі болды

Бұл туралы Қытай халық құрылтайы тұрақты комитетінің заңдық, құқықтық жұмыс жөнінідегі комитет төрағасы Чын Чуняо (沈春耀chén chūnyào) баспасөз мәслихатында хабарлады. Ол:

– Конституция – еліміздің іргелі заңы. Партия мен халықтың ерік-жігерін жүзеге асыратын, ел мен елдің билігінің жалпы ережесі. Сондай-ақ Конституциядағы бұл өзгерістер – ел-жұртқа қуаныш сыйлаған, саяси өміріміздегі маңызды оқиға болды.


Чын Чуняо баспасөз мәслихатында. 11.03.2018 / Қытай халық құрылтайының ресми сайтынан

– Бұл өзгеріс – жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшеліктері бар социализм құруда үлкен маңызға ие, Қытайдағы заң үстемдігінің құрылысын жетілдіретін басты жетістіктердің бірі. Сондай-ақ Қытайдың кезекті XIII Халық құрылтайының бірінші сессиясын сәтті аяқтаудың маңызды алғашқы күн тәртібі болып табылады, – дей отырып, осы өзгерістермен қытайлықтарды құттықтады.

Және де "Бұл Конституциялық түзетулер заңдық, құқықтық нормаларға сәйкес жүргізілді" деп хабарлады. Тіптен, кейбір Халық құрылтайы өкілдері BBC тілшісіне: "Бұл – нағыз демократияның бейнесі" деп те атаған.

Қытай билігі наразылықтар мен қыжыртпаларды елең қылмады

Өзгеріске қатысты ұсынысты биылғы 25 ақпанда Қытай компартиясының орталық комитеті жариялаған болатын. 11 наурызда мақұлданды.

Америкада тұратын қытай жазушысы, саясаткер Чын Покоң (陈破空,Chen Pokong, бұрын Chen Jinsong ретінде белгілі) АҚШ телеарнасына берген сұхбатында: "Бұл Қытайдың "Мәдениет төңкерісі" деген атпен тарихта қалған топалаңын еске түсірді. Қытай билігі өз бет-бейнесін ашты. Қытайлық халық құрылтайы да, Бүкілқытайлық саяси кеңестің құрылтайы да өздерінің саяси көрініс ғана екенін көрсетті. Қытайдың әділет министрі Қытайды айдаған жағына жүретін үлкен отар малдай қабылдады" деп атаған.


Чын Покоң / Youtube.com сайтынан

Чын Покоң – Қытайда туған, Америка Құрама Штаттарында тұратын қытай-америкалық жазушы және саяси сыншы. Қытайдағы Хунань, Шанхайдағы Тоңжи және Құрама Штаттардағы Колумбия университеттерінде оқыған.

Ол "Қытай билігі халықты қорқытып, тұншықтырып отыр" деп айыптаған. Онымен бірге шетелдегі жүз мыңдаған қытай қандастары да алаңдаушылықтарын білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, Чын Покоң мырза 2018 жылы 26 ақпанда АҚШ елінде өткен бір конференцияда Қытайдың Шынжаң өлкесін "Әлемдегі ең үлкен ашық түрме" деп атаған болатын.

Бұл Шынжаңдағы ұлттарға қарсы қысымның күшейіп, діни, тілдік және бостандық құқықтарының шектеліп, жабық концлагерлердің көбеюіне қатысты айтылған еді.

Қазақстан үкіметі де Қытайдағы қандастарымызға қатысты алаңдаушылығын білдіріп, Қытайға дипломатиялық нотасын жолдағаны белгілі.

Жоғарыда аталған өзгерісті енгізу туралы партия ұсынысы 2018 жылы 25 ақпанда шыққаннан кейін Шиаңгаң (Гонконг) әкімшілік өлкесі сияқты өңірлерде ереуілдер де болды. Әлеуметтік желіде де қатты талқыланған тақырыпқа айналды.



Алайда Қытай билігі барлық сайттардағы осы заңдық өзгеріске қатысты айтылған пікірлерді бұғаттады әрі қатаң түрде тапсырма беріп, өз қадағалауын жүзеге асырды.

Жеке басқа табынушылық – коммунистік жүйеден қалған таңба ма?

Бесінші наурызда басталған Қытайдың кезекті XIII Халық құрылтайы 20 наурызда аяқталатыны белгілі болды.

2013 жылы биліктің ұшар басына шыққан Ши Жинпиңнің өкілеттілігі 2023 жылы аяқталуы тиіс еді. 1990 жылдан бері келе жатқан "Төрағалық өкілеттілікті бес жылдан екі мерзімге ғана сайлануға болатын" норма өзгерді. Себебі, Қытай компартиясын "бірауыздылыққа" үйреткен партия басшылығы енді Ши мырзаның айтқанын орындайтыны хақ.

2017 жылы өткен компартияның 19 құрылтайында да осы мәселе көтеріліп, Ши Жинпиңнің мәңгілік билігіне апаруы мүмкін екенін айтқан болатынбыз.

Бұл үрдіс Кеңес Одағындағы алжыса да билікті бермеген басшыларды еске түсіреді. Ең соңында "денесін игере алмаған бастың" Кеңес Одағын құлатып тынғаны белгілі.

Қытайдың олай құлай қоюына әлі де уақыт бар шығар. Дегенмен, енді күллі әлемнің Қытайға қатысты саяси стратегияларының да өзгерері хақ.

Мәселе осындай келеңсіз авторитарлық билікке келгендердің барлығының коммунистік жүйеде не сол жүйеден шыққандығында болып отыр.

Ши Жинпиң қорықты, ал оны партия құтқарды

Олай деуге негіз бар. 2012 жылы сегізінші қарашада өткен Қытай компартиясының XVIII кезекті құрылтайында билікке келген Ши Жинпиң өткен бес жылда ауыр тарихи белестерді бастан кешірді.

Ол кезде "компартия ішінде жемқорлық жайлап, партия беделі төмендеген әрі саяси ділі іріп-шіріген басшылықта бақталастық етек алған" деген көзқарас таралған болатын. Алайда бұл Қытайдың экономикалық өрлеу кезеңіне дөп келді.

Ши мырза алдымен әскери билікті қолына алды әрі жемқорлыққа қарсы күресті өте қатаң жүргізді. Бұның оған бір жағынан өзінің бақталастары мен жауларын құртуға мүмкіндік бергенін айта кеткен жөн.

Сонымен бірге, Ши Жинпиң бастамасымен құрылған Мемлекеттік жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі де ол үшін оңтайлы қызмет көрсетіп жатыр. Соның арқасында Жу Иңкаң сынды партия мен мемлекеттің орталық тұрақты комитетін басқарып отырған тұлғаларды құлатты. Осылайша прокуратура мен сот саласы да Ши мырзаның қолына өтті.

Егер тақтан тайса, бақталастары мен кегін қуғандардың өзін пісіріп жейтінін Ши Жинпиң де, орталық билік те біліп отыр.

Себебі, Ши мырзаның бақталастары өте қуатты әрі көп. Оның үстіне сотталған және атылған неше мыңдаған басшылар мен байлардың, олардың туыстары мен достарының, сыбайластарының да өшпенділігі бар екені белгілі.

Сол үшін тура бір жарым жылға жуық құрылтайға дайындалды. Әскери және құқықтық тәртіп күшейтіліп, күмәнді тұлғалар бірден тексеруге және саяси үйренуге жіберіліп отырды.

WeChat, Whats App сияқты әлеуметтік желілер қатаң бақыланып, түрлі сала бойынша шетелмен байланыстағы адамдар да тексеруден қағыс қалған жоқ. Сонымен бірге түрлі блогтарда да пікір жазу иқуаттарын (функцияларын) алып тастады немесе шектеді. Бұл – Ши мырза мен оның жақтастарының сақтық шаралары еді.

Қытайда Facebook, Youtube, mail.ru әлемдік әлеуметтік желілер баяғыдан шектелген.

Қазақтар көп, шоғырлана қоныстанған Шинжиаң автономиялы ауданында болған түрлі қысымдардың күшеюі мен жалпылама саяси үйрену науқандарының жиілеуі де осы себептен.

Ресейде саясат өзгермейді

Ресейде жуық арада саясаттың өзгермейтінін емшектегі бала да біледі десек артық айтқандық болмас.

Мұндағы 18 наурызда "президенттік сайлау" өтетіні қазір ешкімді де қызықтырмайды. Себебі, Путиннің "бірауыздан" сайланатыны белгілі нәрсе. Тек сөз жүзіндегі формалды шаралар халықтың көзқарасына қылау да түсірмейді. Тіптен, ешқандай өзгеріс те болмайтындай.

Бұл жерде қызығы – АҚШ президентін қонаққа шақырған Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Уңның (орысша – Ким Чен Ын) ұсынысы болып отыр. Егер екі қошқар кездесе қалса, бастары бір қазанда піссе – Қытайдың да, Ресейдің де шыр-пыр болары хақ. Екі елдің басына тағы бір қатерлі сыздауықтың шығуы кімге ұнасын.

Оның үстіне, Батыс елдері мен АҚШ Ресейді тұқыртудың себебін іздеп әлек болып жатқаны белгілі. Ал Қытай мен АҚШ арасындағы экономикалық соғыстың енді өңірлік қырғиқабақ соғысқа айналып бара жатқаны жасырын емес.

Түркия Сирияға әскер кіргізді. Ислам мемлекеті ұшқарылары енді қайда бет алады?

Авторитарлық билікке жол ашқан тағы бір көршіміз – Түркия деп айттық.

– Түркия әскерлері Сириядағы күрд жасақтарымен соғысып жатыр. Қазірге дейін Түрік әскерлерінен 40-тан астам адам опат болған, ал күрдтерден екі мыңнан астам шығынның бары белгілі болды. Жалпы Түркия Күрд мемлекетінің құрылуына қарсы. Сол себепті Күрд жұмысшы партиясын халықаралық экстремистік ұйымдар тізіміне қостырды. Тіптен, солтүстік Ирақтағы күрд автономиясына да аса сақтықпен қарап келеді, – дейді саяси сарапшы, аудармашы Амангелді Құрмет.

– Түркия тағы Күрд мемлекеті құрыла қалғанның өзінде олардың теңіз жолымен тұтасатын байланысын болдырмауды мақсат еткен.

Бір қызығы, түріктер осыдан екі жыл бұрын осы күрд жасақтарын Ислам мемлекеті ұшқарыларымен соғысуға өз териториясы арқылы өткізгені белгілі. Енді олармен өзі соғысып жатыр. Ал Ислам мемлекеті ұшқарыларының ендігі барар жері – Ауғанстан болуы әбден мүмкін. Міне, Қазақстанға қауіп осы жақтан туады.

АҚШ көмектесе ала ма?

АҚШ-ның Қытайға қарсы экономикалық қысымды күшейткені белгілі. Атап айтқанда цифрлы технологияларға және энергетикалық өнімдердің кіруіне шектеу қойды. Қытай нарығын шектейтін қадамдар жасап, Қытай инвестициясына тиым салды.

Одан тыс, Въетнам сияқты елдермен бірлесе отырып, Қытайдың оңтүстік теңіз жағалауындағы ықпалының күшеюіне шектеу қоюға ұмтылып жатыр. 2018 жылы ақпанда АҚШ-ның ұшақ тасығыш соғыс кемесі Въетнамға келіп тоқтауы да соның бір дәлелі.

АҚШ-ның бұл саясаттарына батыс елдері де ыңғай танытып отыр. Тіптен кейбір елдер қытайлық "Куңзы институттарын" жабуды қолға алған. Яғни, Қытайды жақтаушылар мен дәріптеушілердің ісіне де шектеу қоя бастады.

Дәл осындай кезде, яғни 2018 жылы 7 наурызда біздің Мәжіліс АҚШ-ның Қазақстан арқылы Ауғанстанға жүк тасымалдауын қолдайтын ережені мақұлдады. Енді АҚШ Ақтау мен Құрық портын пайдаланып, тауар тиелген контейнерлерін азаматтық соғыс болып жатқан Ауғанстанға жеткізбек.

Ендеше, желкесіндегі Солтүстік Кореяға ат басын бұруға ниеттенген Трамптың енді оның батысындағы Қазақстанмен тіл табысуы – Қытайдың жүрегін шым еткізгені анық.