Бірінші дүниежүзілік соғыста Осман империясын жеңген Ұлыбритания Палестинаны өз бақылауына алды. Ол кезеңде бұл аймақта еврейлерге қарағанда арабтар көп еді. Британияның Палестина аумағында еврейлерге арналған "ұлттық үй" құрамыз деген шешімі екі халықтың арасын суыта түсті. Еврейлер үшін бұл олардың ата-бабасының үйі болып саналса, палестиналық арабтар өзінің жер құқығын даулап бақты.

1920-1940 жылдар аралығында Еуропадағы қудалаудан бас сауғалап қашқан еврейлердің басым бөлігі осы аймаққа қарай ағылып жатты. Сондай-ақ, осы кезеңде британ билігіне қарсы және еврейлер мен арабтар арасындағы зорлық-зомбылық күшейе түсті. 1947 жылы БҰҰ Палестинаның өз алдына бөлек еврей және араб мемлекеттері боп бөлінуіне дауыс берді.

Иерусалим халықаралық қалаға айналды. Бұл жоспарды еврей ұлтының көшбасшылары мақұлдағанымен, арабтар жағы қабылдай қоймады. Бұл қарсылық бүгінге дейін жалғасып келе жатыр.

Көне Иерусалим қаласының картасы. Сурет ашық интернет көздерінен алынды

1948 жылы британ тарабы мәселені шеше алмағандықтан, жөніне кетті. Осы сәтті пайдаланған еврей көшбасшылары дереу Израиль мемлекетінің құрылғанын жариялады. Бұл жаңалыққа палестиналықтардың біразы қарсы болды. Соғыс басталды да кетті. Ел аумағына көрші араб елдерінен әскерилер басып кірді. Осы бір қиын-қыстау кезеңде 700 мыңнан астам палестиналықтар үйінен қуылды, қашып шықты. Олар бір-ақ күнде Отанынан, мүлкінен айырылып, босқынға айналып шыға келді.

Тарихта бұл күн "әл-Накба" деген атаумен қалды.


Оқи отырыңыз: Қазақстан елшілігі Израильдегі ел азаматтарына үндеу жасады


1949 жылы Израиль аймақтың басым бөлігін бақылауға көшті, Иордания өзі басып алған жерлер кейін Батыс жағалау деп атала бастады. Ал Египет Газа аймағын жаулап алды. Иерусалим қаласы екіге бөлінді деуге болады:

  • батысы Израильдің;
  • ал шығысы Иорданияның ықпалында болды.

Арада бейбіт келісім болмағандықтан, екі тарап бірін-бірі айыптауды тоқтатпады, қақтығыс жалғаса берді. 

1967 жылғы соғыс кезінде Израиль Шығыс Иерусалим мен Батыс жағалауды, Газа секторын және Синай түбегін басып алды. Палестиналық босқындардың көпшілігі Газа секторы мен Батыс жағалауда, сондай-ақ, көрші Иордания, Сирия және Ливан елдерінде тұрады. Израиль тарабы сол босқындардың өзіне де, ұрпақтарына да үйіне оралуға рұқсат бермеді. Себебі, Израиль тарабы қайтып келген босқындар еврей мемлекетінің тас-талқанын шығарады деп сескенеді.

Батыс жағалау Газа секторының құрамынан шыққанымен, Израиль оны әлі күнге дейін бақылауда ұстап отыр. БҰҰ бұл жерді қазірдің өзінде басып алынған аймақ деп қарастырады. Израиль Иерусалим қаласын өзінің астанасы деп санағанымен, палестиналықтар Шығыс Иерусалимды өздерінің болашақ мемлекетінің астанасы ретінде көреді. Соңғы 50 жыл ішінде Израиль осы аумаққа үй салып, 600 мыңнан астам еврейді қоныстандырды. Палестиналықтар мұның заңсыз екенін айтады, ал Израиль тарабы өздерінің әрекетін ақтап әлек.


Оқи отырыңыз: Air Astana ұшағы қазақстандықтар үшін Израильге ұшып кетті 


Израиль мен Палестина соғысының хронологиясы  

  • 1948 жыл 14 мамыр – Израильдің тәуелсіздігі жарияланған күн. Осы сәтте Египет, Сирия, Иордания, Ливан, Ирак сияқты араб елдері жаңадан құрылған мемлекетке соғыс ашты. Алайда, олардың шабуылына тойтарыс берілді.
  • 1967 жыл, 5-10 маусым – Израиль және араб мемлекеттері (Египет, Сирия, Иордания, Ливан, Ирак) арасындағы 6 күндік соғыс. Осы соғыста еврей мемлекеті жеңіске жеткен соң, Иерусалим біріктіріліп, Батыс жағалау мен Газа секторы басып алынды. Бұл маңайға еврей халқы қоныстана бастады. 
  • 1973 жыл, 6-25 қазан – араб-израиль соғысы ("Қиямет соғысы"). Египет пен Сирия 6 күндік соғыс кезінде айрылған жерін қайтару үшін Израильге шабуыл жасады. Қазан соғысы Израильде ауыр саяси дағдарыс туғызды.
  • 1979 жыл – Израиль мен Египет арасында бейбіт келісімшартқа қол қойылды. Ол құжатқа сәйкес, Израиль Египетке Синай түбегін қайтарып, Египет Израильдің тәуелсіздігін мойындап, Палестинада араб мемлекетін құру туралы талаптан бас тартуы тиіс болды.
  • 1982 жыл – Израиль Синай өз әскері мен қоныстанған адамдарын түбегінен шығарды.
  • 1987-1991 жылдар – "Бірінші интифада", 6 күндік соғыс кезінде жаулап алынған аумақтағы палестиналықтардың бас көтеруі.
  • 1993 жыл, 13 қыркүйек – Ослода өткен құпия келіссөздерден кейін Вашингтонда палестиналық уақытша өзін-өзі басқару Декларациясына қол қойылды.
  • 1994 жыл – Израиль Иерихон және Газа аймағының біраз бөлігінен өз әскерін шығарды. Ясир Арафат Газа аймағында уақытша үкімет құрды.
  • 1996 жыл, қаңтар – Палестинада алғашқы сайлау өтті. Палестина ұлттық әкімшілігінің президенті болып Ясир Арафат сайланды.
  • 2000-2005 жылдар – "Екінші интифада", Батыс жағалау және Газа секторындағы палестиналық арабтардың Израиль билігіне қарсы бас көтеруі. Қақтығыс кезінде екі тараптан да мыңдаған адам қаза тапты.
  • 2002 жыл – АҚШ, Еуроодақ, Ресей және БҰҰ "Жол картасы" деп аталатын бейбіт жоспар ұсынды.
  • 2005 жыл – Газа секторы аймағынан Израиль әскері шығарылды. Бұл жерде ХАМАС деп аталатын палестиналық ислам қозғалысы күшейе бастады. ХАМАС ұйымы Израильді мойындамайды және Палестинаның тарихи аумағында өз ұлттық мемлекетін құруды көздейді.
  • 2014 жыл – ХАМАС ұйымының көзін жоюға бағытталған операция ұйымдастырылды.
  • 2012 жыл, 29 қараша – Палестина БҰҰ жанындағы бақылаушы-мемлекет мәртебесін алды. Мұны көпшілік халықаралық қауымдастықтың Палестинаның мемлекеттігін мойындауы деп қабылдады.
  • 2019 жыл – палестиналықтар Израиль аумағына 200-ден астам зымыран атқылады. Бұл кикілжің Израиль билігі мен "Ислам жихады" ұйымының мәмілеге келуімен аяқталды.
  • 2021 жыл, 10-21 мамыр – Израильдің "лаңкестікке қарсы" операциясы ұйымдастырылды.
  • 2023 жыл, 9 −13 мамыр – Израильдің "Ислам жихады" тобының көзін жоюға бағытталған әскери операциясы өтті. 5 күнге созылған атыс-шабысты Египет келіп, бейбіт арнаға бұрды. 

Қазір не болып жатыр?

7 қазан күні ХАМАС қозғалысы "Әл-Ақса дауылы" әскери операциясын жариялап, Израильге зымыран атқылады. Газа секторында орналасқан ХАМАС әскери бөлімдері Израиль шекарасын кесіп өтті. Олар бақылау бекеттеріне шабуыл жасап, бейбіт елдімекендерді басып алды. Бірнеше сағаттан кейін Израиль премьер-министрі Нетаньяху болып жатқан оқиғаның ауқымды соғыс екенін мәлімеді. Снарядтарға жауап ретінде Израиль Палестина территориясына жаппай зымыран атқылай бастады.

Фото: Avesta ақпарат агенттігі

Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания, Нидерландтар, Испания, Украина, Венгрия, Грузия, Чехия елдері Израильді қолдап отыр. АҚШ Израильге 8 миллиард доллар бөлетінін жариялады. Ресей, Беларусь, Түркия және Сауд Арабиясы екі елді тез арада атысты тоқтатуға, зорлық-зомбылықтан бас тартуға шақырды. Ал Иран мен Ливанның "Хезболла" қозғалысы Палестинаға қолдау көрсетті.

Reuters агенттігінің мәліметінше, қазіргі сәтте ХАМАС қозғалысының өкілі Абу Убайда Газа секторына жасалған әрбір шабуылдан кейін бір-бір тұтқыннан өлтіріп отыратынын мәлімдеген. Ал The Times of Israel басылымы Израиль әскерилері тұтқындарға қауіп төніп тұрса да, Газа секторына әуе шабуылын жасауды тоқтатпайтынын хабарлады.

Адам шығыны қандай? 

Газа денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, қазірге дейін 687 палестиналық қаза тауып, 3726 адам жарақат алған. Ал, Израиль телеарналары ХАМАС шабуылы кезінде 900-ден астам адам көз жұмып, 2600-ге жуығы жарақаттанып, ондаған адам тұтқынға алынғанын айтты. Қайтыс болғандардың ішінде музыка фестивалі кезінде атылған 260 адам бар. Оның басым көпшілігі –жастар.