Жаңа жылдық пойыздар ел қалаларына сапарын бастады
Мереке күндеріне орай арнайы безендірілген пойыздар ақпан айына дейін жүреді.Безендірілген жаңа жылдық пойыздар 29 желтоқсаннан бастап қалалар бойынша жолға шықты. Биылғы жылы жаңа жылдық стильде №4/3 "Астана-Нұрлы Жол-Алматы", №77/78 "Алматы-Маңғыстау", №45/46 "Павлодар-Түркістан" және №38/37 "Маңғыстау-Семей" бағыттары бойынша пойыздар безендірілді. Бұл пойыздар кестеге сәйкес әртүрлі уақытта қатынайды, деп хабарлады "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі.
Мереке күндеріне орай арнайы безендірілген пойыздар ақпан айына дейін жүреді. Жолсеріктер жаңа жылдың басты ертегі кейіпкерлері – Аяз Ата мен Ақшақар рөлін сомдап, пойыздардың жолаушыларын алдағы мерекемен құттықтап, балаларға сыйлықтар табыстады. Пойызда Аяз атаны кезіктірген кішкентай жолаушылар ерекше әсерге бөленіп, жаттаған тақпақтары мен құттықтауын белсенді түрде айтты.
Жыл сайын Жаңа жыл мерекесін пойызда қарсы алатын жолаушылар көп. Олардың айтуынша, жаңа жылдық кеште пойыз ерекше тыныштық атмосферасына бөленіп, мерекелік көңіл-күйге толығымен енуге және алдағы жылға арналған жоспарларын құруға мүмкіндік береді.