Түркістанда діндар мен тақуаның мағынасын ажыратқан монография жарық көрді
"Ислам дініндегі діни атақ-лауазымдар" монографиясының тұсаукесер рәсіміне Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысына барған сапарында "Ислам дініндегі діни атақ-лауазымдар" монографиясының тұсаукесер рәсіміне қатысты, деп хабарлайды muftyat.kz.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен игі іс-шараға аталған білім ордасының ректоры Жанар Амангелдіқызы, белгілі ғалым Досай Кенжетай мен студенттер қатысты.
"Халық ұғымында ерекше дарын иесі, діндар, тақуа, тұлғалық қасиетке ие адамдардың болғаны тарихтан белгілі. Олардың атқаратын қызметтері мен әулиелік сипаттары, жеткен жетістіктері мен кереметтері де халыққа танымал болған. Себебі Жаратушы Иеміз мұндай тұлғаларды рухани тәрбиенің жол көрсетушісі, шариғат амалдарына берік әрі өзгелерге сол ілімді жеткізуші етіп жіберді. Ислам тарихында ондай тұлғалар мен діни лауазымдық қызмет атқарған адам саны жетерлік. Бұл ретте Нұрлан Мансұровтың "Ислам дініндегі діни атақ-лауазымдар" атты монографиялық еңбегінде көптеген діни атақ-лауазым ғылыми һәм діни тұрғыда жан-жақты зерттеліпті. Бұл еңбек дін қызметкерлері үшін де пайдалы кітап болмақ", – деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетсек, "Ислам дініндегі діни атақ-лауазымдар" монографиясында дәреже-мәртебе, титул, лауазым мен атақ мәніне ие болған діни сөздер сараланып, талданған.