Шымкентте "Нұрлы көшпен" үйлі болған тұрғындар баспанасын ипотекамен рәсімдеп жатыр
Шымкент қаласының 613 тұрғыны "Нұрлы көш" пилоттық бағдарламасымен алған баспанасын Отбасы банкі арқылы ипотекалық несие негізінде рәсімдеп, бағдарламаның талап шартын орындады.
Аталған тұрғын үйлер Асар шағын ауданында орналасқан. Ондағы 975 тұрғын үй "Нұрлы көш" пилоттық бағдарламасы аясындағы баспаналар болып табылады.
Бұл тұрғын үйлер 2010-2012 жылдар аралығында бағдарлама шеңберінде Асар шағын ауданында Өзбекстан елінен келген қандастарға сатып алу құқығымен 8 жылға жалға берілген болатын. "Нұрлы көш" пилоттық бағдарламасы аясындағы баспаналарды тұрғындар банк арқылы несиелік негізде рәсімдеуі қажет.
Алдағы уақытта бекітілген іс-шаралар жоспары аясында "Отбасы банк" АҚ ШҚФ, Қаратау ауданы әкімі аппараты, "Ел-Аманаты" қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, тиісті жұмыстарды одан әрі жандандыруды көздеп отыр.