"Шымкент жастар лигасы” жобасы өз мәресіне жетті.
Бұл дода бұқаралық спортты дамыту мақсатында үшінші мегаполис әкімі Мұрат Әйтеновтың идеясымен өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылған еді. Биыл екінші жыл қатарынан өтіп жатқан лига еліміздің өзге өңірлерінің де қызығушылығын тудырыпты.
"Жастарды жаппай спортқа тарту мақсатында ұйымдастырылған жобаға өзге қаладағы әріптестеріміз де қызығушылық білдіріп жатыр. Мәселен, қазірдің өзінде Жамбыл облысы мен Алматы қаласы ниет білдіруде. Бұл біз үшін қуаныш",– деп атап өтті Шымкент қалалық "Жастар ресурстық ортылығы" КММ басшысы Мағжан Исахов.
Жобаның ерекшелігі мемлекет қазынасынан бір тиын да бөлінбеген. Тек мегаполис кәсіпкерлерінің демеушілігімен ұйымдастырылған. Нәтижесінде, алты мыңға жуық мектеп оқушысы бос уақытын тиімді ұйымдастырып, спортпен айналысты. Әрі жеңімпаз атанған командалар білім ордаларына сый жасады. Өйткені, жүлде мектеп қажеттілігіне жұмсалады.
Лигада шахмат спорт түрінен оза шауып, бірінші орынды қанжығасына байлаған Ө. Жолдасбеков атындағы № 9 IT мектеп-лицейі 20 млн теңгені нақты қайда жұмсайтынын әлі шеше қоймапты. Бірақ, білім ордасының директоры оқушыларға сапалы білім беру мақсатында мектеп базасын жаңартамыз деп отыр.
Анар Аманқұлова, Ө. Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейінің директоры: "Біз өте қуаныштымыз. Өткен жылғы сайыста екінші орын алып едік. Биыл балалардың дайындығын күшейтіп жеңіске жеттік. Жүлдеге нақты не алатынымызды әлі шешкен жоқпыз. Бірақ мектеп базасын жаңарту жоспарда бар. It мектеп болған соң “пернетақта немесе лэд экран алсақ па?" – деп ойланып жатырмыз. Көреміз енді ақылдасып”.
20 млн теңге тек жеңімпаз командаға ғана беріледі. Ал, екінші және үшінші орын алған мектептерге қаржылай сыйақы қаралмаған. Сондықтан, ойын тартысты өтіпті. Десе де, ешқандай қиындыққа мойымаған команда бірліктің арқасында жеңіс тұғырынан көрінді.
"Жарыс негізі қиын болды. Өйткені, қарсыластарымыз мықты болды. Біз 65 пен 47 мектеп оқушыларымен сайыстық. Бірақ ұзақ дайындық пен сенімнің арқасында жеңіп шықтық. Өте қатты қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға рақмет", – дейді мектеп-лицей оқушысы Лилия Асанхан.
Жалпы аталған жарыс, 2021 жылдың 23 қазан айында басталған. Спорттың футбол, баскетбол, волейбол және шахмат түрлерінен 151 мектеп қатысты. Одан 514 команда жасақталып, жалпы додаға 5926 оқушы ат салысқан. Ал спорттық жарыстарға төрешілік жасау және ұйымдастыру үшін 400-ге жуық дене шынықтыру және спорт саласының мамандары жұмылдырылыпты.
Автор: Мөлдір Ибадуллаева