Облыстық мәслихат Алтай және Шемонаиха аудандарында орналасқан бірқатар елді мекенді тарату туралы шешім қабылдады. 

Алтай ауданында үш ауыл, атап айтқанда Соловьев ауылдық округіне қарасты Ленинск, Малеев ауылдық округіндегі Ландман және Парыгин ауылдық округіндегі Кутиха ауылдары таратылды.

"Таратылған ауылдар енді іргелес елді мекендердің құрамына кірді. Ленинск – Подорлёнок ауылының, Ландман – Малеевск ауылының, ал Кутиха – Парыгино ауылының құрамына қосылды. Шемонаиха ауданында екі елді мекен картадан жойылды. Заречное ауылы – Усть-Таловка кентінің құрамына енсе, Рулиха станциясы – Каменев ауылдық округіне қарасты ауыл құрамына қосылып отыр,", – делінген мәслихат хабарламасында.

Айта кетейік, елімізде кейінгі бір жылда 149 ауыл тарап кетті. Бұл тізімде Солтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр, яғни 45 елді мекен жабылған.