Skills Еnbek платформасында жеке көмекші қызметінің курстарын оқуға болады
Курстардың мақсаты – мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктеріне бейімделген білім мен дағдыларды игеру.Skills Enbek платформасы арқылы мүгедектігі бар, жүріп-тұруы қиын адамдарды, сондай-ақ нашар көретін азаматтарды сүйемелдеуді жүзеге асыратын жеке көмекшілер үшін онлайн режимде оқуға болады. Бұл туралы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіптік курстар мүгедектігі бар адамдардың жеке көмекшісі болғысы келетін немесе мүгедектігі немесе созылмалы ауруы бар отбасы мүшесімен бірге жүретін кез келген адамға арналған.
"Курсты оқу үшін Skills Enbek платформасында тіркелу қажет. Бір курстың ұзақтығы – 32 сағат. Қатысушы курсты жеке-жеке дербес игерумен айналысады. Мемлекеттік және орыс тілдерінде оқудан өту толығымен тегін", – деп жазылған баспасөз хабарламасында.
Оқи отырыңыз: "Бастау Бизнес" аясында кәсіпкерлік негіздерін онлайн оқуға болады.
Оқыту келесі кезеңдерден тұрады:
- бірнеше модульдер бойынша онлайн оқыту курсы;
- қорытынды тестілеу;
- оқудан өткені туралы сертификат алу.
Әрбір оқу курсы дәріс материалын зерделеуді, бейнероликтерді қарауды, практикалық тапсырмаларды орындауды қамтиды. Әр модуль аяқталғаннан кейін аралық тестілеу жүргізіледі. Келесі оқу модуліне өту үшін қатысушы дұрыс жауаптардың кем дегенде 70% жинауы керек.
Оқи отырыңыз: Шетелдегі қандастарға қазақ тілін тегін үйрететін онлайн курс басталды.
Курсты сәтті аяқтау үшін жеке көмекшілер қорытынды тестілеуде дұрыс жауаптардың 70%-дан астамын жинауы керек. Егер тестілеуден қажетті көрсеткішті жинай алмаса, қатысушы тестілеуді қайта тапсыра алады. Оқу аяқталғаннан кейін әрбір қатысушы өзінің кәсіби дағдыларын растайтын бірегей нөмірі бар электрондық сертификат алады.
Бүгінгі таңда курстардан өту үшін 296 адам тіркелді, оның 188-і оқуды сәтті аяқтап, сертификаттар алды.