Шымкент тұрғындары WhatsApp алаяғының алдауына түсіп, 2,5 млн теңгеден айырылды
Алаяқ ақшаны екі еселеп көбейтіп беруге уәде беріп, құрығына түсірген.Шымкентте 10-ға жуық тұрғынды алдап соққан жігіт құрықталды, деп хабарлады Polisia.kz. Алаяқ әлеуметтік желіде жарнама жасап, тұрғындарды WhatsApp желісіндегі топқа шақырған.
Ал мұнда топтың әкімшісі кез келген ақшаны екі еселеп көбейтіп беруге уәде берген. Осындай жеңіл ақшаға құмартқан Шымкент қаласының және Түркістан облысының онға жуық тұрғыны жалпы сомасы 2,5 млн теңгеден асатын қаржыны алаяқтың есепшотына аударады.
Аталған жайтты полицейлер Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-ші бөлігі (Екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалған алаяқтық) бойынша тіркеген. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Полиция жәбірленушілердің саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы алаяқтықтың жаңа түрлері