Сәдуақас Байғабылов: Алматыда жаңа жылдық отырыстар өткізуге тыйым салынбайды
Департамент өкілінің айтуынша, шектеулер қаланың қай аймақта орналасатынымен тікелей байланысты болады.Алматыда Ashyq жүйесіне тіркелген орындарда жаңа жылдық кештерді өткізуге рұқсат етілді, алайда белгілі бір шектеулер болады, деп мәлімдеді Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов.
Департамент өкілінің айтуынша, мекеме қызметкерлері мен келушілердің Ashyq жүйесіндегі мәртебесінің "жасыл" болуы шарт. Мұнымен қатар, ол жаңа жылдық кештерге қатысты шектеулер қаланың қай аймақта тұрғанымен байланысты болатынын хабарлады.
- "жасыл" аймақ – толымдылық 50%-ға дейін, 100 орыннан көп емес;
- "сары" аймақ – толымдылық 50%-ға дейін, 70 орыннан көп емес;
- "қызыл" аймақ – толымдылық 50%-ға дейін, 50 орыннан көп емес.
"Қаланың "жасыл" аймақта тұрақтауы бірінші кезекте мегаполис тұрғындарының өзіне байланысты. Яғни олар коронавирусқа қарсы белсенді түрде екпе салдырып, бетперде киіп, әлеуметтік ара-қашықтықты сақтауы тиіс", – деп түсіндірді Сәдуақас Байғабылов.
Мұнымен қатар, ол Алматыдағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал нашарласа, карантин талаптары, соның ішінде жаңа жылдық отырыстарды өткізуге қатысты шектеулердің күшейе түсетініне тоқталды.
Еске салсақ, бұған дейін қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Алматының "жасыл" аймақта тұрғанына қарамастан, жаңа жылдық отырыстарды өткізуге тыйым салынатынын мәлімдеген болатын.