"Ауруханалар минутына 2 науқастан жатқызып жатыр". Табынбаев екпе алуға бей-жай қарамауға шақырды
Қазір Алматы қаласында 14 жасқа дейінгі 1 600 бала коронавирус жұқтырып, стационарда ем алып жатыр.Алматы қаласындағы ем орындарына күндізгі сағат 13:00-14:00 және кешкі 20:00-22:00 арасында бір минутта екі науқастан жатқызылады. Осы орайда Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев ауруханалар жүктемесінің 23 есеге артқанын айтып, инфекциядан қорғану шараларын мұқият естен шығармауға шақырды.
"Жас адамдардың стационарлардағы үлес салмағы өсіп келеді. Қазіргі таңда олар КВИ жұқтырған науқастардың 23%-ын құрап отыр. Оның үстіне 200-ден астам 14 жасқа дейінгі бала инфекциялық стационарда ем алуда. Қазір қалада КВИ-і бар науқастарды емдеу үшін 7 625 төсек орын дайындалған. Оның 7 065-і қолданылып, 67%-ы толып тұр. Сондай-ақ, үйде ем алып жатқан науқастардың саны 11 мыңға жуықтады. Нақтырақ айтсам – 10 888 адам. Оның ішінде 1 600-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Таңертеңгі ақпаратқа сәйкес, жағдайы ауыр 1 368 науқас бар, олардың ішінде 385-і жансақтау бөлімінде ем алып жатыр", – деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол стационарлық көмек көрсету эшелондарының жүктемесіне тоқталды:
- Бірінші эшелонда – 3 990 төсек орын, 86%-ы қамтылған;
- Екінші эшелонда – 1 995 төсек орын, 62%-ы қамтылған;
- Үшінші эшелонда – 1 100 төсек орын дайын, оның 24%-ы қамтылған.
2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында инфекциялық стационарларға күніне 30-40 адам жатқызылған, ал төсек орындар 50%-ға дейін толмайтын болған.
"Қаламызда күніне 80-90 жағдай тіркелетін. Қазір күн сайын 700-дей науқасты жатқызып жатырмыз. Бұл көрсеткіш салыстырмалы түрде 23 есеге өскен. Ауруханаларда час-пик кезеңдері болады: сағат 13:00-14:00 арасы мен кешкі сағат 20:00-22:00 арасы. Осы уақыт ішінде сағатына 130 науқас келіп түседі. Яғни бұл бір минутта екі науқас жатқызылады деген сөз. Бұл біздің емдеу орындарымыз үшін ауыр", – деді Нариман Табынбаев.
Мұнымен қатар, ол күнделікті үйде жатып емделетін науқастардың да саны күрт өскенін хабарлап, оларға ем қалай жүргізіліп жатқанын түсіндірді. Осы орайда маман КВИ-ден қорғану шараларына бей-жай қарамауға шақырды.