"Ел болашағы" азаматтық бастамасының ұйытқысымен бес күн ішінде Украинаға гуманитарлық көмек ретінде 100 млн теңге жиналды, деп мәлімдеді штаб мүшесі Тоғжан Қожалиева.

"Украина біз сенімен біргеміз" штабын құрып, оған қазақстандықтар 100 миллион теңгеден астам сома аударды. Бұл – бес күн ішінде жиналған сома. Бүгін менің картама тағы 8 миллион теңге келіп түсті. Үндістан азаматына тиесілі LS-Pharm компаниясы бізге қол ұшын созды. Әртүрлі ұлт өкілдері көмегін аяп жатқан жоқ", – деді Тоғжан Қожалиева. 


Оқи отырыңыз: Украинадағы қазақ студент: Елге бес күнде үш ел арқылы өтіп жеттім


Мұнымен қатар, ол отандық дәрі-дәрмек компанияларының көмек көрсетуден бас тартқанына, қарапайым азаматтардың көбірек көмектесіп жатқанына тоқталды. 

Сондай-ақ, ұйымдастырушы Динара Мелиханова бес күн ішінде 500-ге жуық еріктінің тіркелгенін айтты. 

"Бізге адамдар көптеген дәрі-дәрмек пен киім әкеліп жатыр. Air Astana компаниясымен ұйымдастыру жұмыстарын талдадық. Олардың тарапынан жақсы қолдау болғандықтан, алғыс айтқым келеді. Өйткені, қазір әуе тасымалына байланысты қиындықтар бар. Бұған дейін ұйымдастыру тобында тек 4 адам болған еді. Қазір жұмысты толық реттедік, екі күнде жүйені автоматтандыратын боламыз. Жуырда call орталықтар іске қосылып, қажет заттар протоколын әзірлейміз", – деді Динара Мелиханова. 

Мұнымен қатар, ол Украина еліне қажет дәрі-дәрмектің тізімі әлеуметтік желіде жарияланатынын айтты.

Украинаның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Петр Врублевский қазақстандықтарға көрсеткен көмегі үшін алғысын білдіріп, жиналған қаражат тек Украинаға көмекке жұмсалатынын атап өтті.

"Қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алуға жұмсамаймыз – бұл сөзсіз, бұл тек адамдарға гуманитарлық көмек көрсету үшін жұмсалады", – деп түсіндірді елші.

Еске салсақ, Украинадан қазақстандық 24 жүк көлігінің шыға алмай тұрғаны туралы хабарлаған едік. Олардың көбі Киев облысында тұрып қалған, 3 көліктің ғана жүгі жоқ.