Қазақстанда 256 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты төлем алды
Биыл 212,9 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды.1 қарашадағы мәлімет бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты 256,6 мың адам әлеуметтік төлем алды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Бұл ретте биыл 212,9 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы 70,6 млрд теңге болды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және кейінгі 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен беріледі.
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:
- eGov.kz порталында авторизациялану;
- "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу" қызметін таңдау;
- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
- егер жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады).
Бұл қызметті онлайн режимінде Электронды еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.