Қазақстан жалақы бойынша рейтингте 67-орында тұр
Елдегі орташа айлық жалақы 582,4 АҚШ долларын құрады.16 қыркүйектегі жағдай бойынша, Numbeo деректеріне сәйкес Қазақстан жалақы бойынша рейтингте 96 елдің ішінде 67-орында екені белгілі болды. Елдегі орташа айлық жалақы 582,4 АҚШ долларын құрады. Бұл туралы ranking.kz жазды.
Әлемдегі ең жоғары жалақы – Швейцарияда (7,2 мың АҚШ доллары). Рейтингтің екінші және үшінші қатарында Люксембург (5,8 мың АҚШ доллары) пен АҚШ (4,5 мың АҚШ доллары) тұр.
Бұл ретте ең төменгі жалақы Кубада (37,6 доллар), Египетте (146,5 доллар) және Пәкістанда (180,9 доллар) екені анықталды.
ТМД елдерінің ішінде Армения (608,1 АҚШ доллары) мен Молдовада (599,5 АҚШ доллары) жалақы Қазақстанға қарағанда жоғары. Ресейде, Беларусь елінде, Әзірбайжанда, Өзбекстанда және Украинада жалақы Қазақстанға қарағанда төмен.
Ірі қалалар арасында Алматыда орташа жалақы 678,5 АҚШ долларын, Астанада 584,5 АҚШ долларын құрады. Алматы 335 қаланың ішінде 238-орынға жайғасса, ал Астанаға 252-орын берілді.
Алматы ТМД елдерінің қалалары арасында Мәскеу (1,3 мың АҚШ доллары) мен Санкт-Петербургтен (854,5 АҚШ доллары) кейін үшінші орында тұр. ТМД елдерінің қалалары арасында ең төменгі жалақы Бішкекте (352,6 АҚШ доллары), Харьковта (358,5 АҚШ доллары) және Одессада (395,5 АҚШ доллары) тіркелді.
Оқи отырыңыз: 2025 жылғы АЕК мөлшері – 3 932 теңге. Ең төмен жалақы мен зейнетақы мөлшері қанша болады
Ұлттық статистикалық бюросының мәліметі бойынша, биыл екінші тоқсанда Қазақстанда орташа айлық жалақы 403,3 мың теңгені құрады. Бұл былтырмен салыстырғанда 10,3%-ға артық. Сатып алу қабілетінің нақты өсімі 1,7% құрайды.
Қазақстанда ең жоғары жалақы қаржы және сақтандыру саласының қызметкерлеріне тиесілі: 878,7 мың теңге және бұл өткен жылға қарағанда 23,3%-ға артық. Екінші және үшінші орында тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді қазу (797,6 мың теңге), сондай-ақ ақпарат және байланыс секторы қызметкерлері (661,3 мың теңге) тұр.
Ең төменгі жалақыны ауыл шаруашылығы (251,3 мың теңге), өнер, ойын-сауық және демалыс (260,9 мың теңге) сияқты салалардағы қызметкерлерге тиесілі.
Аймақтар бойынша ең жоғары орташа айлық жалақы Атырау облысында тіркелді: 594,4 мың теңге. Үздік үштікке Маңғыстау (579,8 мың теңге) және Ұлытау (523 мың теңге) облыстары кірді. Өңірлер арасында ең төменгі жалақы – Солтүстік Қазақстан облысында (297,3 мың теңге).