Қазақстан өңірлерінде 43 градусқа дейін ыстық болады
Еліміздің батысында күндіз өте қатты ыстық күтіледі."Қазгидромет" РМК синоптиктері Қазақстанда 4, 5 және 6 шілдеде ауа райы қандай болатыны туралы болжам жасады.
Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері Қазақстан аумағының басым бөлігі циклонның ықпалында болады, оның салдарынан найзағай ойнап, бұршақ жауып, екпінді жел соғады.
5 шілдеде солтүстік-батыста, 5-6 шілдеде солтүстікте, орталықта және оңтүстік-шығыста, 4-6 шілдеде шығыста қатты жаңбыр күтіледі.
"Тек республиканың батысы мен оңтүстік-батысында басым жағдайда ауа райы жауын-шашынсыз болады деп күтіледі. Сонымен қатар еліміздің батысында күндіз өте қатты ыстық күтіледі, +33...+43 градусқа дейін жетеді", – делінген хабарламада.