Қазақстан мен Өзбекстан әуе кеңістігі арқылы өтетін жаңа бағыт ашылды
Т916 әуе кеңістігі трассасының жалпы ұзындығы 2 187 шақырымды құрайды.Қазақстан мен Өзбекстан әуе кеңістігі арқылы өтетін жаңа Т916 бағыты ашылды, деп хабарлады азаматтық авиация комитеті.
Бұл Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасын жалғайтын қосымша бағыттардың бірі.
Бағыт ашылғалы Еуропадан Оңтүстік-Шығыс Азияға 19 рейс орындалды. Жаңа бағытпен Lufthansa Cargo (Германия), Cargolux (Люксенбург), Cargolux Italy (Италия), Nomad aviation (Швейцария), Western Global Airlines (США), Aerologic Cargo Airlines (Германия) сияқты авиакомпаниялар рейстер орындап жатыр.
Т916 әуе кеңістігі трассасының жалпы ұзындығы 2 187 шақырымды құрайды, оның ішінде борттар 437 шақырым Өзбекстан Республикасының әуе кеңістігін пайдаланса, қалған 1 750 шақырым Қазақстан Республикасының аумағының үстімен өтеді.
Айта кетейік, Т916 әуе қозғалысына қызмет көрсетудің жаңа бағыты
Өзбекстан Республикасының авиакомпаниялары мен аэронавигациялық провайдері – "Узаэронавигация" МУК ұсынысы бойынша ашылды. Бұл бағыт ИКАО-ның таңдаулы бағыттарының каталогына енгізілді.
"Қазаэронавигация" РМК мамандарының айтуынша, жаңа әуе дәлізі шетелдік авиакомпаниялар үшін Қазақстан әуе кеңістігінің тартымдылығын арттырады, сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан әуе қозғалысына қызмет көрсету өңірлік орталығының авиадиспетчерлеріне түсетін ауыртпалықты азайтуға көмектеседі.