Психикалық денсаулық орталығының жетекшісі: Екпе алмаған науқастар өкініп, туыстарын телефон арқылы үгіттеп жатыр
Сапар Рахменшеев жансақтау бөлімінде жатқан науқастардың ешқайсысы вакцина салдырмағанын айтты.Алматы қаласындағы психикалық денсаулық орталығындағы жансақтау бөлімінде жатқан 12 науқастың ешқайсысы екпе алмаған. Бұл туралы орталық директоры Сапар Рахменшеев мәлімдеді.
Сондай-ақ, орталық жетекшісі бүгінде көптеген науқастың дер кезінде вакцина салдырмағаны үшін өкініп жүргенін айтты.
"15 шілдеден бастап психикалық сауықтыру орталығында 350 инфекциялық төсек ашылды. 864 науқас келіп түсіп, олардың 435-і жазылып шықты. Қалғандары ем қабылдап жатыр. Өкінішке орай, осы түсіп жатқан науқастар ішінде аурудың барына сенбей, "мұның бәрі жалған" деп келгендер бар. Олармен жеке кездескен кезде "Мен қателескен екенмін. Жағдайым өршіген соң, амалым жоқ жедел жәрдем шақырдым" деді. Тұрғындарымыз Facebook, Instagram секілді әлеуметтік желіде жазылып жатқан жалған ақпараттарға көп сенетін болды. Бұл өкінішті жағдай. Өйткені, осы ауруға қарсы тұрудың бірден-бір жолы – ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Яғни барлығымыз екпе алуымыз қажет. Бірақ қазірдің өзінде орталықтағы науқастар емделіп шыққан соң, екпе алатынын айтып жатыр. Арасында көзімізше туыстарына қоңырау шалып, оларды вакцина салдыруға шақырғандар да бар", – деді Сапар Рахменшеев.
Орталық жетекшісі дәл қазір жансақтау бөлімінде жатқан 12 адамның ешқайсысы екпе алмағанына тоқталды. Сондай-ақ, ол вакцинаға ағзада қорғаныш қабатын түзу үшін уақыт керегін еске салды.
"Орталықта екпе алған соң түскен де азаматтар бар. Бірақ біз әр жағдайға жеке-жеке тоқталуымыз қажет. Мысалы, біреулері І компонентті салдырып, бір-екі аптадан соң жұқтырған. Ал енді екіншілері ІІ компонентті салдырған соң араға үш күн салып жұқтырған. Вакцина салдырғандар мен салдырмағандардың басты айырмашылығы – кейінгілердің жағдайы қатты ауырлайды, ауруды ауыр өткереді. Сол себепті халықты тек арнайы мамандар тарататынын ақпаратқа сенуге шақырамын", – деді маман.
Мұнымен қатар, Сапар Рахменшеев вакцина салдырар алдында адамның жамандық туралы ойламауы маңызды екенін айтты.
Еске салсақ, Қарағандыда коттеждегі туған күнді тоқтатпақ болған мобильді топты қонақтардың қуып шыққаны туралы хабарлаған едік. Полиция бөліміне жеткізілген азаматтарға әкімшілік айыппұл салынды.