Мұнайдан түсетін табыс неге әлі аз?
Елімізде кейінгі 30 жыл ішінде 2 миллиард тоннадан аса мұнай өндірілген.Сарапшылар ел қазынасына мұнайдан түсетін табысты арттыру үшін алдымен алпауыт компаниялармен арадағы келісімшарттарды қайта қарау қажет деп санайды. Себебі, кейінгі 30 жылда 2 миллиард тоннадан астам қара алтын өндірілгенімен, бюджеттің бүйірі шығып, халық байып кеткен жоқ. Демек, кірісінен шығысы көп ірі кәсіпорындардың жұмысын реттеу маңызды болып отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ол үшін "ҚазМұнайГаз" мұнай өндірісіндегі бақылауды күшейтуге тиіс дейді мамандар. Сонымен қатар кіріс көлемін ұлғайтудың тағы бір амалы жанар-жағармай мен газ, бензиннің бағасын нарық құнына сәйкестендіру.
"Елімізде кейінгі 30 жыл ішінде 2 миллиард тоннадан аса мұнай өндірілген. Әрі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда шығарылған шикізат көлемі төрт есеге ұлғайып отыр. Бірақ бұдан байып кеткен ел жоқ" – деді сарапшы Олжас Байділдинов.
Оның айтуынша, өткен жылы өндіріс 90 миллион тоннаға жеткен. Ал, оның үштен екі бөлігі, яғни, шамамен 60 миллион тоннасы "Теңіз", "Қарашығанақ" пен "Қашағанның" еншісінде. Сәйкесінше, қазынаға шетелдік консорциумдардан қаржы тым аз түседі. Демек, сонау 90 жылдары жасалған келісімшарттарды Қазақстан үшін әділ, әрі әлдеқайда тиімдірек шарттармен қайта қарау қажет.
"Біріншіден, мұнай өндірісіндегі бақылауды күшейту қажет. Қазір "ҚазМұнайГаз" өндірістің небәрі 25 пайызын ғана қадағалайды. Бұл тым аз. Мәселен, Біріккен Араб Әмірлігінде Ұлттық компания шығарылған шикізаттың 90 пайызына бақылау жүргізеді. Сол секілді біз де шартты қайта қарап, өзіміз үшін тиімдірек қылуға күш салуымыз керек. Міне, сол кезде бюджет те, салық түсімі де тұрақты болады", – деді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, әрі ірі кәсіпорындардың шығынына да баса мән берген жөн Құйылған инвестицияның дұрыс игерілуін қадағалау қажет.
"Мысалы, "Теңіз" кен орнын кеңейтуге 48,5 миллиард доллар қаражат салынып отыр. Бұл жоба өндірісті 12-13 миллион тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Бірақ осыған ұқсас жобаларға өзге мемлекеттер небәрі 12 миллиард доллар жұмсаған. Бұл жоба бюджеті негізсіз өсіріліп отыр деген сөз", – деді Олжас Байділдинов.