Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ ENBEK қысқа мерзімді онлайн курстарға оқыту порталын іске қосты. Қазірдің өзінде онлайн курстардың 70 авторы мен әзірлеушіcі мүдделі азаматтар үшін өздерінің оқыту бағдарламаларын ұсынуға дайын, деп жазылған министрлік сайтында.

Ресурс ел халқының білім деңгейі мен кәсібилігін арттыру, мансаптық дамуын ынталандыру және "өмір бойы оқыту" тұжырымдамасын ілгерілету мақсатында құрылды. Іске қосу кезінде қазақстандық авторлар мен әзірлеушілер аспаздық және кулинариялық іс, косметикалық, заңдық және бухгалтерлік қызметтер, құрылыс, қонақүй және мейрамхана ісі, іс жүргізу, IT, SMM салалары бойынша курстар ұсынады.


Оқи отырыңыз: 1,5 млн адам жұмыс тауып, 40 мың несие рәсімделген. "Еңбек" бағдарламасы аясында қалай кәсіп бастауға болады?


Кез-келген азамат ENBEK сайты арқылы немесе Электронды еңбек биржасында "Онлайн оқытуды" таңдау арқылы талап етілетін біліктілікке оқытуға немесе біліктілікті арттыру курстарына қол жеткізе алады.

Курстардың авторлары мен әзірлеушілері қазақстандық заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер, соның ішінде оқу орталықтары, білім беру ұйымдары болып табылады. Олар қазірдің өзінде курстарды орналастыру үшін тегін алаң ұсынуда, онлайн оқытуды дамытуға жәрдемдесуде, қосымша кіріс көзін алуда порталдың артықшылықтарын көріп отыр.

Жаңа бастаған авторлар мен әзірлеушілер үшін порталда онлайн курстарды құру бойынша әдістемелік ұсынымдар және оларға қойылатын талаптар әзірленді.