Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулысымен Ерлан Аңсағанұлы Қиясов берген өтінішіне сәйкес ҚР денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қызметінен босатылды.

Ерлан Қиясов 1973 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік медицина университетін, Орталық Азия университетін, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін, Тұран-Астана университетін тәмамдаған. 

Еңбек жолын 1990 жылы "Алматы қаласының жедел медициналық жәрдем ауруханасы" реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің санитары болып бастады.

1997-1999 жылдары – Алматы қаласындағы ҚР әуе көлігіндегі орталық санитарлық-эпидемиологиялық станциясының санитарлық дәрігері, дәрігер-эпидемиологы. 

1999 жылдан бастап 2020 жылға дейін ҚР президенті іс басқармасының медициналық орталығының құрылымында – санитарлық-эпидемиологиялық станцияда жалпы гигиена бойынша санитарлық дәрігер, жедел бөлім меңгерушісі, санэпидқадағалау басқармасының эпидемиологиялық бөлімінің бастығы, "Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы" РМК директоры, басшының орынбасары болып жұмыс істеді.

2020 жылғы қыркүйекте ҚР денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері болып тағайындалды.

Еске салсақ, экология вице-министрі мен "Оператор РОП" ЖШС басқарма төрағасының ұсталғаны туралы хабарлаған едік.