Енді үйге газ кіргізу үшін кеңсеге барып, кезекте тұрудың қажеті жоқ
Елімізде үйге табиғи газ тартудың техникалық шарттары жеңілдеді.Енді кеңсеге бармай-ақ құжаттарды электрон түрде алуға мүмкіндік бар, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ол үшін eGov тіркеліп, деректеріңізді енгізсеңіз жеткілікті.
"Газ тарату желілеріне қосылуға техникалық шарттарды беру" бөліміне өтіп, электрон поштаңызды, мекенжайыңызды, газ қосатын нысанды көрсетесіз.
Өтінімдерді қарау және техникалық шарттарды беру небәрі бес күннің ішінде жүзеге асады.
Бір ескеретіні, техникалық жабдықталуы күрделі нысандар 10 күнге дейін қаралуы мүмкін. Одан кейін абонент жеке орнату ұйымына хабарласуы керек. Олардың тізімін компанияның өзі әзірлеген қосымшадан табуға болады.
"Электрондық цифрлық қолтаңба көмегімен өтінімге қол қояды. Келесі қадам - техникалық шарттардың берілетіні не болмаса берілмейтіні туралы газ аймақтан жауап күтеді", – деді "QAZAQ GAZ AIMAQ" АҚ Жетісу өндірістік филиалының маманы Гүозира Бұқарбаева.