"Денсаулыққа зиянды заттар бар". Қазақстанда 43 түрлі өнімді сатуға тыйым салынды
Азық-түліктің құрамында денсаулыққа зиянды заттар бар болуы мүмкін.Қазақстанда 43 түрлі өнімді сатуға тыйым салынды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті 1 500-ға жуық сүт, ет, шұжық және кондитерлік өнімдерді тексерген. Зерттеу барысында 69%-нан түрлі заңбұзушылықтар анықталыпты.
Атап айтсақ, 83 пайызында таңбалау дұрыс емес, 17 пайызы санитарлық талапқа сай келмейді. Демек, аталған азық-түліктің құрамында денсаулыққа зиянды заттар бар болуы мүмкін.
Петропавлда жылқы етінен дайындалған халал деп көрсетілген шұжықтан шошқаның ДНҚ-сы табылған. Ал Талдықорғаннан сатып алынған сары майдан ішек таяқшасы тобының бактериялары шыққан.
"Ресейден келген "Бабушкина крынка" сүт өнімі бар. Сонымен қатар ет өнімі "Черкизова" деген өнімдеріне тыйым салу туралы шешім қабылдадық. Өйткені ол өнімдер техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейді. Нақты айтатын болсақ тіл туралы заңға қайшы келеді, сонымен қатар 022 талаптарға сәйкес келмейді", – деді ҚР СИМ техникалық реттеу және метрология комитетінің жетісу облысы бойынша департамент басшысы Бибігүл Омарова.
Зертханаға отандық және импорттық өндірушілердің ет, сүт, кондитерлік өнімдері мен өсімдік майлары берілген екен. Тексерілген өнімнің 83 пайызында таңбалау талаптары бұзылған. Демек, мемлекеттік тілде мәлімет болмаған.
Сонымен қатар өндіруші мен оның мекенжайы, өнімнің құрамы туралы ақпарат жазылмаған. Басым бөлігінде жарамдылық мерзімі көрсетілмепті. Ал тұрғындардың көбі азық-түліктің жарамдылық мерзімін тексермейтіндерін айтады.
"Сапалы өнім" жобасының нәтижелері өнім сапасын бақылауды күшейту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін көрсетеді. Тексерілген өнімдердің 69% астамында бұзушылықтар анықталуы жүйелік мәселе екенін көрсетеді", – делінген Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
"Сапалы өнім" жобасы аясында ел аумағында 43 түрлі өнімді сатуға тыйым салынып, 224 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.