Жер ресурстарын басқару комитеті жарты жылда атқарған жұмысы бойынша есеп берді, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Комитет төрағасы Мұрат Теміржановтың айтуынша, жарты жылдың ішінде екі мыңнан астам тексеріс жүргізілді.

Соның нәтижесінде 2 174 жер заңнамасын бұзушылық анықталып, 231,4 миллион теңгеге айыппұл салынды. Ал жер учаскелерін беру бойынша 1 711 заңсыз шешім жойылуға жатады.

"Мемлекет басшысының пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді алып қою жөніндегі тапсырмасын орындауға қатысты осы жылдың басынан бері 1,33 млн га алаңда жер пайдаланушыларға қатысты 875 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, 836,7 мың га алаңда 614 нұсқама енгізілді, 48 материал сот органдарының қарауында. Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 217,5 мың га алқапта ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті. Жалпы жыл басынан бері қайтаруға жоспарланған 2 млн га ауыл шаруашылығы жерінен 1,15 млн гектары қайтарылды", – дейді Мұрат Теміржанов.

Сонымен қатар кейбір өңірлер бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жөніндегі жоспарды орындаудың төмен көрсеткіштері байқалады.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында жоспарланған 160 мың гектардан 48,1 мың гектар, Атырау облысында 90 мың гектардан 16,8 мың гектар жер қайтарылды.