Халықаралық фестивальдерде жүлде алып, киносыншылардың жүрегін жаулап алған "Ағайындылар" фильмі көрерменге жол тартты. Киножобаны Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ұлттық кино орталығының қолдауымен "Golden Man Media" компаниясы түсірді.

Фильм желісі бойынша Ақжол балалар үйінен шығып, әкесінің тірі екеніне көз жеткізіп, оны іздеуге кіріседі. Әлеуметтік баспанаға жайғасқан жігіт сондағы көршісі Димашпен бірге күнкөріс қамымен түзу жолдан тайып, қарақшылықпен айналысады. Бір күні әкесінің бауырымен кездесіп, туған інісі барын біледі. Бірақ інісі Дәлен жағдайы жақсы отбасыда өмір сүреді. Бауырын тапқан Ақжол Дәленді бірге әкесін іздеуге көндіреді. Ата-анасының айтқанынан шықпайтын Дәлен белін бекем буып, заттарын жинап үйінен кетіп қалады. Ақжол інісін де қылмыс жасауға итермелейді. Әкесін табу үшін жаяу шекара асып, ұзақ та қиын сапарға шығады.

"Ағайындылар" – режиссер Дархан Төлегеновтың жарқын дебюті. Фильм 2020 жылы Ұлттық кино орталығының қолдауына ие болған. Тұсаукесері 2022 жылы Германияда Олденбург халықаралық кинофестивалінде өтті және сол жерде "Кино рухы" сыйлығымен марапатталды. Фильм басынан аяғына дейін сапалы сценарийімен және қорытынды эпизодтарымен көрерменнің назарын аударады. Картинада Әлішер Исмаилов, Айбар Салы, Азат Жұмаділ, Жанель Мақажан және Дулыға Ақмолда секілді актерлар ойнайды. Бауырларды сомдайтын Әлішер Исмаилов пен Айбар Салы кинодағы дебюті үшін 2023 жылы Азия Оскарын жеңіп алған болатын.

"Дебют әрдайым ерекше әсер сыйлайды. Студент кезімде елестеткендей болғанына қуаныштымын. Актерлерді бір-біріне ұқсатып таңдап алдық. Іріктеу барысында дебютанттарға баса мән бердім, киноға қадам басып жатқан жаңа актерлерге басымдық берілді. Фильм бауырлардың қарым-қатынасын, біріміз үшін жан қиюға дайын екеніміз туралы. Өзімнің де інім бар. Бір-бірінің бар екенін білмейтін екі бауыр кездесіп, болашаққа деген үміті пайда болса қалай болар еді деп қиялдап көрдім", – дейді режиссер.

Тағы бір маңызды дүние – "Ағайындыларды" қазақ киносының өте сирек категориясы – арт-мейнстримге жатқызуға болады. Айта кету қажет, фильм 22 тамызда еліміздің барлық кинотеатрларына жол тартады.