Атырау облысының шаруалары тасқыннан кейін төрт түлікке тіршілік нәрін таппай отыр. Себебі, Нарын, Сборный арналары топан су кезінде бұзылып, істемей қалған. Соның кесірінен малмен күн көріп отырған азаматтар суды өзеннен тасып жүр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық агенттігі. 

"Биылғы табиғи апаттың жағдайына байланысты Сборный каналының бойында су жоқ болып жатыр. Соған тездетіп жүруін талап етеміз. Жалғыз мен емес, осы Сборный каналының бойындағы, басқа да каналдардың бойындағы шаруагерлердің атынан айтып отырмын. Бәрінің де тілегі осы. Су тапшы болып жатыр. Күн ыссы, малға қиын болып жатыр", – деді шаруа қожалығының иесі Шыныбек Бірәлиев. 

Қорада байланған ірі қараға шаруалар суды Жайық өзенінен тасып беруде. Бірақ су айдынына барып келудің өзі қып-қызыл шығын дейді шаруа қожалықтың иелері. Ал жауаптылардың бұл мәселеге айтар өз уәжі бар. Айтуларынша, су айдайтын қондырғылар тасқын кезінде істен шыққан екен.


Оқи отырыңыз: Cу тасқынынан кейін инфрақұрылымды қалпына келтіруге қосымша 22,7 млрд теңге бөлінді


"Тоқ желісі де үзілді. 5 опор құлады. Қазір осы Нарын каналының басындағы 2 жүзбелі насостың трубаларын қосу жұмыстары аяқталуда. Ертеңнен бастап тоқ желісін тартамыз. Содан кейін қосу жұмыстары жүргізілуі керек", – деді "ҚАЗСУШАР" РМК Атырау облыстық филиалының директоры Асланбек Рысжанов. 

Өткен аптада басталған жұмыстарды жедел аяқтауға батпақ кедергі келтірген. Сондықтан жұмыстар кестеден кешіккен. Ал жауаптылар жұмыстың нақты қай уақытта аяқталатынын ашып айта алмады.