Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, Астанада әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы халықтың осал топтарын, NEET санатындағы жастарды қолдау үшін Zhas Project жобасы іске қосылды.

Жоба туралы елорданың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Қазақстандық Даму Қауымдастығы" ЗТБ атқарушы директоры Анара Битебаева айтты.

Жоба жастарды қоғамдастықтың әлеуметтік-экономикалық өміріне тартуға және нәтижелі жұмыспен қамтамасыз етуге көмектеседі.

Оның негізгі міндеттері:

  • Жастарды, NEET санатын, жастардың осал топтарын дамыту үшін жағдай жасау;
  • Жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін практикалық қызығушылық пен маңызға ие жастар идеялары мен жобаларын қолдау;
  • Қатысушыларды әлеуметтік кәсіпкерлік және кәсіби өсу бойынша жаңа білім мен дағдыларға үйрету.
  • Жобаның арқасында NEET санатындағы жастар өз идеяларын, қажетті білімдері мен дағдыларын жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

Жастардың өтініштері 2023 жылдың 9 қазанынан 22 қазан сағат 23:59-ға дейін қабылданады.


Оқи отырыңыз: Кәсіп бастауға қалай 1,4 млн теңге қайтарымсыз грант алуға болады? Шағын нұсқаулық.


"Қатысу үшін сайтқа тіркеліп, конкурс туралы ережеге сәйкес қажетті құжаттарды толтырып, тіркеу қажет. Өтініш беруші Қазақстан Республикасының азаматы болуы қажет. Өтініш беруші өтініш берген кезде 18-34 жас аралығында болуы керек. Өтініш беру кезінде өтініш беруші уақытша жұмыссыз жастар мәртебесінде болуы керек. Байқауға қатысу үшін бір ғана әлеуметтік жоба ұсына аласыз", – деп түсіндірді спикер.

Конкурстың әлеуетті қатысушылары үшін әлеуметтік желілерде жұмыс жүргізіледі, Жобалық офис және колл-орталық кеңес береді.

Келіп түскен барлық өтінімнің деректер банкі құрылады.

Іріктеу нәтижелерін қорытындылау және жариялау ұйымдастырушының интернет-ресурстарында және әлеуметтік желілерінде 1 қарашада жарияланады.


Оқи отырыңыз: Кәсіпкерлік грант: Астанада 113 жоба мақұлданды.


Өтініш беруші ұсынған жоба жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталуы керек. Жобаларды іске асыру қорытындысы бойынша осы жылдың қараша айында үздік жобалар форумы мен көрмесі өткізіледі.

Бұл ретте грант қаражаты грант алушылардың шотына түспейді. Жобалық кеңсе гранттық өтінімдер сметасында көрсетілген тауарлар, қызметтер, жабдықтар үшін төлемдер жүргізетін болады. Сатып алынған тауарлар толықтай грант алушыларда қалады.