Астанада Республика күніне орай Elorda Aqparat медиасеріктестігінің ұйымдастыруымен журналистер мен қаламгерлер арасында бильярд турнирінің жеңімпаздары анықталды. Жарыс биыл елордамызда екінші рет өткізілді.  

Турнирге жазушы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қойшығара Салғараұлы бастаған елімізге белгілі ақын-жазушылар, Парламент депутаттары, журналистер, медиаменеджерлер, баспасөз өкілдерінен құралған 32 ойыншы қатысты.

Белгілі айтыскер Еркебұлан Қайназаров 1-орынға ие болды. Оған 300 мың теңгенің сертификаты табысталды. Екінші орынды ақтық сынға дейін шебер ойын көрсеткен белгілі журналист, жазушы Талғат Ешенұлы қанжығасына байлап, 200 мың теңгенің сертификаты табысталды. Үшінші орынды жазушы, журналист Сәдібек Түгел мен белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы иеленді.

Аталған жарыс барысында жүлделі орындардан бөлек, биыл еліміз бойынша мерейтойлары аталып өтіп жатқан қаламгерлер Кемел Тоқаев, Сейдахмет Бердіқұлов, Оралхан Бөкей атындағы жүлде көлемі 100 мың теңгелік арнаулы сыйлықтар табысталды.

Кемел Тоқаев атындағы арнаулы жүлде қазақ әдебиетінің ақсақалы, жазушы Қойшығара Салғараұлына, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы жүлде қазақ спорт журналистикасының ардагері Несіп Жүнісбайұлына және Оралхан Бөкей атындағы арнаулы сыйлық белгілі қаламгер, Парламент сенатының депутаты Нұртөре Жүсіпке берілді.

Турнир ұйымдастырушылары аталған арнаулы жүлделерден бөлек, қосымша үздік ойын көрсеткен қатысушылар үшін төрт номинация тікті. 
Қазылардың шешімімен "Алыстан ат терлетіп келген ойыншы" аталымын Алматы қаласынан арнайы келіп, турнирге қатысқан қазақ журналистикасының ардагері, Қайнар Олжай, "Мәдениетті ойыншы" номинациясын белгілі жазушы Шархан Қазығұл, "Алғашқы шар" номинациясын күйші Секен Тұрысбек иеленді. Сонымен қатар, "Мерген ойыншы" деп ардагер журналист Кенже Жұмағұл, "Шебер ойыншы" ретінде журналист Әлімжан Сабыржанұлы лайық деп танылды. "Үздік дуплет" аталымымен журналист Жандос Дүйсекеев марапатталды. Марапат иелеріне бағалы сыйлықтар мен ақшалай жүлде табысталды.  

Айта кетейік тартысты өткен турнирге биыл екінші жыл қатарынан билярдтан екі дүркін әлем чемпионы Ернар Чимбаев бас төрешілік етті.  
Марапаттау рәсімінің соңында қорытынды сөз алған Elorda Aqparat медиасеріктестігінің директоры Олжас Сыдықбек жарысқа қатысқан барша ойыншыларға алғыс білдірді.