Республикалық ветеринариялық зертхананың облыстық және өңірлік филиалдарының жұмыскерлері аса қауіпті жұқпалы ауруларды тудыратын биологиялық агенттерімен жұмыс істегені үшін 50 пайызға дейінгі мөлшерде үстемеақы алатын болады. Үстемақы осы жылдың соңына дейін төленеді, деп хабарлайды республикалық ветеринариялық зертхананың баспасөз қызметі.

"Біздің ұйымда жалақы деңгейі төмен. Біз бірнеше рет жұмыскерлеріміздің жалақысын көтеру туралы, сондай-ақ ҚР "Биологиялық қауіпсіздік туралы" заңы шеңберінде үстемеақы төлеу мәселесі бойынша уәкілетті органға хат жолдадық. Министрліктерге, тіпті, президенттің атына зертхананың облыстық және өңірлік филиалдарының жұмыскерлерінен өтініштер жолданды", – деді "Республикалық ветеринариялық зертхана" ШЖҚ РМК бас директоры Темірхан Елшібаев.

Осылайша, жұмыскерлер патогендік биологиялық агенттермен жұмыс істегені үшін 50% мөлшерінде үстемеақы алатын болады:

  • жануарлар ауруына диагностика жасайтын зертханашылар (зертхана меңгерушісі, аға ветеринарлық дәрігер, ветеринарлық дәрігер, зертханашы, ветеринарлық санитар);
  • сынамалар мен ақпараттарды қабылдау бөлімі (бөлім басшысы, ЖАД ветеринарлық дәрігері);
  • аудандық/аймақтық ветеринарлық зертханалар (зертхана меңгерушісі, ветеринарлық дәрігер, зертханашы, ветеринарлық санитар);
  • биологиялық және патологиялық материал сынамаларын қабылдау пункті (ветеринарлық дәрігер және зертханашы).

Оқи отырыңыз: Алматылықтар үй жануарын 1 қарашадан бастап тегін чиптей алады


Сондай-ақ, ҚР АШМ бұйрығына сәйкес, облыстық/өңірлік филиалдардың директорларына, жүргізушілеріне, РВЛ/ЗВЛ жануарларды күту жөніндегі жұмысшыларға және жануархана жұмыскерлеріне лауазымдық жалақыларының 35% мөлшерінде қосымша ақы төленеді. 

Кәсіпорын басшылығының қабылданған шешіміне сәйкес, химиялық реактив, прекурсор, у және ұқсас қауіпті заттармен жұмыс істейтін мамандар осындай зиянды және қауіпті еңбек жағдайларына байланысты ерекшеліктер мен тәуекелдерге байланысты лауазымдық жалақысының 40% мөлшерінде қосымша ақы алатын болады. Бұрын 6% көлемінде ғана қосымша ақы алатын:

  • тамақ қауіпсіздігі зертханасының меңгерушісі, аға ветеринарлық дәрігер, ветеринарлық дәрігер, зертханашы, ветеринарлық санитар (тамақ микробиологиясы бөлімінің);
  • аға маман, маман, зертханашы, ветеринарлық санитар (токсикология, радиология және биохимия бөлімі);
  • химик-аналитик, сынамалар мен ақпаратты қабылдау бөлімінің ТҚ ветеринарлық дәрігері, ВСС зертханасының ветеринарлық дәрігері және зертханашысы. 

Оқи отырыңыз: 2024 жылы АЕК, жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшері қанша болады?


"Қосымша қаражат іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Біз құзіретті органдарға 2024 жылы кәсіпорнымыздың жұмыскерлеріне үстемеақы төлеу үшін республикалық бюджеттен қосымша ақшалай қаражат бөлуге жәрдемдесу туралы өтінішпен жүгіндік", – деп қосты ШЖҚ РМК бас директоры Темірхан Елшібаев.