Астана мешіттеріндегі жаназаға арналған ас мәзірінің бағалары жұрттың жағасын ұстатты, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Бірнеше мешіттің асханасында қонақасы жасайтын жан әр адамға 7 мен 20 мың теңге аралығында төлеу керек екен. Мұндай қымбат мәзір туралы ақпаратты мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жариялаған. 

Тек елорда емес, кей өңірлердегі мешіттерде де жағдай осыған ұқсайды. Үш түрлі салат, екі түрлі ыстық тамақ, тәттілер мен сусындар. Мешіттегі бұл ас мәзірі мейрамханадан еш кем емес. Адам басына бақандай 20 мың теңге. 

Астанадағы Хазірет Сұлтан мешітінде қонақасын өткізу құны бір адамға 7 мың теңгеден басталады екен. Демек, мәзірді шамаңызға қарай таңдай аласыз. Ал кей тұрғындар бұл қайдан келген баға деп аң-таң. Өңірлердегі мешіттерде ас беру бағасы екі есеге төмен. 

Мысалы Талдыққорған, Петропавл, Ақтөбеде бір адамға тек мың теңгеден алса, Ал Қызылордадағы Алла үйінде 5 және 7 мың теңге аралығындағы мәзірлер ұсынылады. 

"Бірнеше жыл бұрын біз ас беру мәдениеті деген құжатты қабылдағанда оның ішінде көрсеттік. Аллаға шүкір, қазір еліміздің көптеген өңірінде сол құжат бойынша көптеген астар өтіп жатыр. Өзіміздің қазақстандық өнімдерді, қазақ тағамдарын қою да айтылды. Ірімшігіміз бар, женттеріміз бар", – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Нарызбай Қажы Тағанұлы. 

Ержеге бойынша, аза тұтқан әулеттің дастарқаны барынша қарапайым болу керек. Бірақ бұл мәдениетті қалыптастыруға мешіт қызметкерлерінің де шамасы жетпей тұрған секілді.