Рафаэль Ниязбек 1943 жылы 24 наурызда Жамбыл облысы, Талас ауданының қазіргі Тамабек ауылында дүниеге келген. 1961 жылы орта мектепті, 1978 жылы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдады. Кейін Талас аудандық "Ленин жолы" газетіне қызметке тұрған.

1967 жылы Қазақ радиосы әдебиет редакциясында қызметке орналасқан. 1971-1977 жылдары "Жұлдыз" журналында, 1977-1991 жылдары "Жазушы" баспасында редактор болып қызмет етті.

Қазақстан жазушылар одағының Iлияс Жансүгіров атындағы сыйлығының, Шешенстан Республикасы жоғарғы мемлекеттік "Ұлт намысы" орденінің иегері. Сондай-ақ, Бауыржан Момышұлының 90 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері. Тараз қаласының 2000 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының бірінші жүлдегері.