"Морлайф" ұйымы Ақтөбе тұрғыны Назира Жауғаштың үш жасар ұлы Ілиястың еміне деп халықтан 11 миллион теңге жинаған. Алайда Назира Жауғаш қаржыға балаға күрделі ота жасатудың орнына өздерінің жеке шаруаларын шешкенін айтады. Бір жылдан бері әділдік іздеп жүрмін деген келіншек не құзырлы органнан, не әкімдіктен қолдау таппаған, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Назира Жауғаштың ұлына былтыр бағаналы жасушаларды трансплантациялау отасы қажет болған. Алайда қымбат операцияны қалтасы көтермеген келіншек Ақтөбе қаласының қайырымдылық қорларының біріне жүгінуге мәжбүр болған. Назираның айтуынша, аз уақытта Ілиястың еміне 11 миллион теңге жинаған қор директоры баланы күрделі ота жасау үшін Ыстамбулға әкеліп, кейіннен ешқандай операция қажет емес екенін айтқан. Үш аптадай Қазақстанда амбулаторлық ем алып, керісінше баласының денсаулығы нашарлағанын айтып отыр.

"Ілияс келгенде жағдайы өте нашар еді. Басын ұстай алған жоқ. Отыра алған жоқ. Тек жатады. Аяқ-қолы өзінен-өзі дірілдейді. Өзі жүріп, су ішіп жүрген бала еді. Ілиястың емін емес, қордың шаруаларын шешкен ғой. Чекте сома өте аз, тек физиотерапия жасалған", – деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Назира Жауғаш.


Оқи отырыңыз: Павлодарда 120 миллион теңгеге "жыннан аластаған" алаяқ 5 жылға сотталды


Назира Жауғаш қайырымдылық қорының үстінен арыз жазғанымен, іс сол күйі сотқа жетпеген. Айтуынша, "Морлайф" қорының бұл алғашқы құйтырқы әрекеті емес. Ұйымды өзге де ақтөбеліктер бірнеше рет сотқа берсе де, бәрі медиациямен шешілген. Бірақ бұл сөзбен қор басшысы келіспейді.

"Дәрігерлер невропотолог рұқсатынан соң балаға ота керек болса онда ота жасаймыз деді. Керек болмаса жасамаймыз деді. Бізге негізі ауруханада жатудың қажеті жоқ еді. Бірақ болмай тұрып алды. Сосын тағы ақша шығарып, баланы жатқыздық", – деді "More Life" қорының директоры Бибігүл Жулина. 

Ал заңгерлер болса елде көмекке мұқтаж жанды пайдаланып, ақшаға жымқырып отырған алаяқтар аз емес дейді.

"Нақты келісімшарт толтыру керек. Кейін нақты науқас қай аурумен ауырады және қай елде, нақты қай емханада емделеді. Қандай дәрігер қарайды, осының бәрі келісімшартта көрсетілу керек", –  деді заңгер Талғат Есімов.


Оқи отырыңыз: "Көліктен ақша алып келем деп ізін суытқан". Түркістанда алаяқтықтың 45 фактісіне қатысы бар адам ұсталды


Айта кету керек, қайырымдылық қорының директоры – алдандым деген Назира Жауғаштың туған әпкесі. Сол үшін де туысын сенім артып, баласын шет елге жіберген. Ал өзі Ақтөбеде екінші науқас баласымен қалған. Қазір бұл іске қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. 

"Аталған дерек бойынша Ақтөбе қаласы полиция басқармасының №1 полиция бөлімінде алаяқтық бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Басқа ақпарат Қылмыстық кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді", – деді Ақтөбе облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Тергеу басталса да ұйым жұмысын тоқтатқан жоқ. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сәйкес, Ақтөбедегі "Морлайф" қоры мұқтаж жандарға бір жылда 135 877 500 теңге жинаған. Барлығы 21 адамға көмек көрсеттік деп жазған.