Алматылық азаматша өзін нашақорлар тізімінен тапқан, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Kris_p_Almaty инстаграм-парақшасындағы ақпарат бойынша, алматылық Мәдина Дамудед қосымшасынан есірткіге тәуелділікпен ауырғанын растайтын жазбаны көріп, таңғалған.

Бірден eGov қосымшасынан нарколог және психиатрда есепте тұрмайтындығы туралы анықтама сұрап, заңгердің көмегіне жүгінген.

Ал осы іске қатысты мекеме қызметкерлері тиісті тексерудің жүргізілетінін және шағым білдірген тұрғынмен кездесу жоспарланғанын айтты.

"№17 қалалық емхана жарияланымдағы аталған жағдай бойынша тиісті тексеру жүргізілетіндігін хабарлайды. Емхананың пациенттерді қолдау қызметі шағым иесімен хабарласып, мәліметтерді анықтау және ары қарай өзара қарым-қатынасын жүргізу үшін кездесу жоспарланған. Қалған ақпарат Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің "Медицина қызметкерлерінің құпиясы" 273 бабына сәйкес барлық ақпарат және тексеру нәтижелері шағым иесіне жеке ұсынылады", – делінген №17 қалалық емхананың хабарламасында.

Бұдан кейін келіншек өз парақшасында емхана әкімшілігімен кездескенін мәлімдеді.

Енді медицина қызметкерлері мен өзін есірткіге тәуелділер қатарынан тапқан тұрғын Дамумед компаниясының атына жазбаны жою туралы арыз жазбақ.