Алматыда карантин шектеулері жеңілдетілді
Қала 25 қазанда Сovid-19 таралу қарқыны бойынша "қызылдан" "сары" аймаққа өтті.Алматыда "сары" аймақ үшін қарастырылған шектеулер күшіне енді. Осылайша, мегаполистегі карантин жеңілдетіледі.
Қала 25 қазанда Сovid-19 таралу қарқыны бойынша "қызылдан" "сары" аймаққа өтті. "Қызыл" аймақ үшін белгіленген шектеу шаралары Алматыда осыдан кейін тағы жеті күн бойы сақталды.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Алматы санитарлық дәрігерінің карантиндік шараларды жеңілдету туралы жеке қаулысы болмайтынын хабарлады. Сондықтан ҚР бас санитарлық дәрігерінің 20 қазандағы қаулысымен белгіленген "сары" аймақ үшін критерийлер қолданылады.
Кәсіпкерлер келесі ережелер бойынша жұмыс істей алады:
- мейрамхана, дәмхана мен кофеханалар толымдылығы – 50%-ға дейін, 60 орыннан аспайтын, фудкорттар – 20%-ға дейін, бірақ 30 орыннан аспайтын, ас ішуге арналған банкет залдары – 30%-ға дейін, бірақ 50 адамнан аспайтын;
- салтанатты, естелік, отбасылық іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар) өткізу және түнгі клубтардың жұмысы – 50%-ға дейін, 70 орыннан артық емес;
- театр, кинотеатр, концерт залдары, филармония толымдылығы – 30%-дан 40%-ға дейін ұлғайтылды;
- облыс аралық тұрақты емес (туристік) тасымалдар, қалалық тұрақты емес (туристік) тасымалдар – жолаушылар саны 15-тен 25 адамға дейін ұлғайтылды;
- бильярд, компьютерлік клубтар, оның ішінде PlayStation клубтары, боулингтер, караоке, лотерея клубтары, балалар ойын-сауық орталықтары (жабық), ауданы 1 000 м2 дейін қоса алғанда, букмекерлік кеңселер толымдылығы 50%-ға дейін, сондай-ақ, саны 50 адамға дейін ұлғайтылды;
- ауданы 1 000 м2-тан асатын балалар ойын-сауық орталықтары (жабық) – 100 адамға дейін қабылдай алады;
- адамдар көп жиналатын конференциялар, форумдар, ойын-сауық және өзге де іс-шаралар толымдылығы – 50%-ға дейін, бірақ 70 орыннан аспайтын, яғни "қызыл" аймаққа қарағанда 20 орынға артық;
- көрмелер толтырылу деңгейі – 200-ден 300 адамға дейін өсті;
- марафондар (ашық аспан астында) – қатысушылар саны 500-ден 800 адамға дейін артты;
- діни объектілер толымдығы – 20%-дан 30%-ға дейін ұлғайтылды.
Келесі нысандар шектеусіз жұмыс істейді:
- алкогольдік ішімдіктер сатпайтын, асхана типі бойынша жұмыс істейтін қоғамдық тамақтандыру объектілері (үй-жайда);
- сауна, монша;
- СПА орталықтары;
- бассейндер;
- спорттық-сауықтыру орталықтары және фитнес, йога-орталықтары;
- облыс аралық және облыс ішіндегі тұрақты тасымалдар;
- қонақ үйлер;
- әуежайлар;
- теміржол, автомобиль және су вокзалдары, өзен және теңіз порттары, автостанциялар, автоөтпе жолдар, жолаушыларға қызмет көрсету пунктілері;
- ХҚКО;
- сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері;
- базарлар (жабық);
- балаларды сауықтыру ұйымдары;
- сұлулық орталықтары мен салондары, шаштараздар, маникюр мен педикюр, косметикалық және косметологиялық қызмет көрсету салондары;
- білім беру объектілері, ЖОО, колледждер, білім беру орталықтары.