«Қазақстан» қонақүйінің жанындағы субұрқақты қайта жаңарту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары рұқсатсыз жүргізілді, деп хабарлады Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы.

"Нысанда жұмыс тоқтатылды, «Crown Star» ЖШС меншік иесіне қатысты жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде бұзушылықтарды жоюға нұсқама бере отырып, ҚР ӘҚБтК-нің 316-бабы 1, 321-бөлігі бойынша шаралар қабылданды. Бүгінде басқарма ұйғарымды мәжбүрлі орындау үшін сотқа талап арыз береді", – делінген хабарламада.

Алматы қаласы Мәдениет басқармасының хабарлауынша, қонақүйдің жанында көрсетілген субұрқақ ескерткіш емес, алайда ол күзет аймағының аумағында орналасқан:

Қазақстан қонақ үйінің ғимараты Алматы қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 17 наурыздағы қаулысына сәйкес, Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді. Осыған байланысты, нысан аумағында қандай да бір құрылыс немесе жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін меншік иесіне тиісті ғылыми-жобалау құжаттамасын дайындау және ғылыми-реставрациялау жұмыстар жүргізу қажеттілігін негіздеу қажет. Алайда бұл орындалмады, ғимараттың иесі басқармаға жүгінбеді.

"Биыл сәуірде Мәдениет басқармасының қызметкерлері шағым түскен нысанды тексеріп, «Crown Star» ЖШС қонақүй иесінен күзет аймағының аумағында құрылыс жұмыстарын тоқтатуды және бұзушылықтарды жоюды талап етті. Бұған қоса, 2024 жылғы 24 мамырда Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасына қонақүй иесін жауапкершілікке тарту туралы сұрау жіберілді", – делінген хабарламада.