Алаяқтар сенімге оп-оңай кіріп, кез келген адамды өзінің сыбайласы етіп алады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Мамандардың айтуынша, ең қарапайым түрі есепшотыңыз арқылы аударым жасап беруіңізді сұрайды. Ол көмегіңіз үшін қомақты сыйақы ұсынады. Үйде отырып оңай ақшаға кенелемін деген көп азамат осылай бармақ тістеп қалды.

Заңгер Қожаберген Дәуренбеков кейінгі кезде білместікпен алаяқтардың сыбайласы болып қалған адамдар көп келетінін айтады. Бірі бейтаныс жанның өтініші арқылы өзінің жеке есепшотына ақша аударуға рұқсат беріп, түскен қаржыны біреуге аударып берген. Қазір сол үшін істі болып жатыр. Ал ендібірі банктік картасын өзге біреудің қашан, қалай пайдаланғанын білмейді.

"Аударып берсеңіз сыйақы беремін дейді, сондай арзан неге алданған адамдар аударым жасаса алаяқтың сыбайласы болып шығады. Ондай жағдайда ҚР ҚК 190 бабымен қылмысқа тартылады 1-тармағында екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе айыппұл салынады немесе 2-тармағы болса 2-4 жылға дейін, 3- тармағы болса 3-5 жылға, 4-тармағы 5-10 жылға сотталады. Заң тілінде оларды дроппер немесе дроп деп атайды. Олар алаяқтар ұрлаған ақшаны өзінің банк картасы арқылы өткізетін адам", – деді заңгер Қожаберген Дәуренбеков.

Заң бойынша олар қылмыскерлердің сыбайласы болып саналады және қылмыстық кодексінің "Алаяқтық" бабына сәйкес жауапқа тартылуы мүмкін.

"Қаржылық мониторинг агенттігімен әрқашан қаржылық пирамидаға қарсы іс-қимыл алдын алу шаралары жүргізіледі, оның ішінде дропперлер де бар. Дроппер деген олар алаяқтардың көмекшілері, олар өз атынан шот ашуы мүмкін немесе басқа функция атқаруы мүмкін адам іздейді. Қаржылық шоттарды электрон түрде басқару әрі қолдану технологияның жемісі дегенмен көп азамат осы арқылы алаяқтарға жем болып отыр", – дейді Жетісу облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы Жанел Бертісов.