Әкімдік: Алматы халқының қантқа сұранысы тәулігіне 110-нан 200 тоннаға дейін өсті
Қала басшылығы мұны консервілеу және тосап дайындау маусымының басталуымен байланыстырып отыр.Алматыда бағаның өсу қарқыны сақталып отыр. 6 айдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 10,3 пайызды құрады. Бұған бірінші кезекте азық-түлік бағасының өсуі әсер етіп отыр, деп мәлімдеді қала әкімі Ерболат Досаев.
"Ең көп өскені – қант, пияз, нан, сүт бағасы болды. Қант бағасы екі есе қымбаттап, келісі 560 теңгеден сатылды. Пияз 90,2%, 156 теңгеге дейін, сүт 18%, 328 теңгеге дейін қымбаттады. Олардың тұтыну бағасының индексіндегі үлесі 2,2 пайыздық тармақты құрады. Дегенмен, жұмыртқа бағасы 0,4% арзандап, 460 теңгеден сатылды", – деді Ерболат Досаев.
Қала әкімі инфляция деңгейінің әлі де жоғарылауы мүмкін екенін ескертті. Бұл жеткізу тізбегінің бұзылуы мен теңге бағамының тұрақсыздымен байланысты.
Әкімдік мәліметінше, консервілеу және тосап дайындау маусымына байланысты соңғы аптада халықтың қантқа сұранысы тәулігіне 110-нан 200 тоннаға дейін өсті. Жыл басынан бері азық-түлік корпорациясы барлығы 136 тонна қант бөлген.
Оқи отырыңыз: Қазақстан өңірлеріне 152 вагон қант жеткізіледі
"Бекітілген бағамен сату үшін 6,5 мың тонна қант сатып алынды. Magnum, Small, Toimart сауда желілерінде 480 теңгеден сатылады. Түркістан, Алматы облыстары, сондай-ақ, жақын Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Иран, Пәкістаннан көкөніс пен жемісті тікелей жеткізу ұйымдастырылды", – деп сендірді қала әкімі.
Мұнымен қатар, ол нан бағасын тұрақтандыру үшін азық-түлік корпорациясының қорларынан 32 мың тонна астық жеткізілгенін айтты.