Бұл туралы QazAvtoJol-дың баспасөз қызметі хабарлады. 

"Жолшылар республикалық маңызы бар М-32 "Самара-Шымкент" тасжолының "Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ" бөлігін қалпына келтіріп жатыр. Көлік қарқыны жоғары болғандықтан, жолдың бұл бөлігінде ақаулар пайда болды. Қазір мамандар шұңқырларды жөндеп, ұсақ түйіршікті асфальтбетоннан тегістеу қабатын салып жатыр. Ақтөбе қаласынан Қарабұтақ ауылына дейінгі жол аралығы (763-965 шақырым арасы) жөнделіп жатыр", – делінген хабарламада. 

Компанияның мәліметінше, мамандар 20 мың шаршы метр ойық-шұңқырды ретке келтіріп, 62 мың шаршы метр тегістеу қабатын төседі. 

Айта кетейік, жалпы ұзындығы 262 шақырымды құрайтын "Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын" автожолы қайта жаңартылады. Бүгінгі таңда жобалау-сметалық құжаттама жасақталып жатыр. Реконструкция аясында автожол III техникалық санаттан I санатқа ауыстырылып, төрт жолақты болады.