Аймағамбетов: Мұғалімдердің орташа жалақысы бүгінде 200 мың теңгеден асты
Министр педагогтардың еңбек жағдайлары жақсарғанын айтты.Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің орташа жалақысын атады, деп хабарлады ҚазАқпарат.
"Отандық білім беруді дамытудың маңызды кезеңдерінің бірі педагогтардың мәртебесі туралы заңның қабылдануы болды. Өздеріңізде білесіздер, Мемлекет басшысы заң қабылдау және педагогтардың жалақысын кемінде 2 есе ұлғайту туралы міндет жүктеді. Бұл жұмыс жүргізіліп жатыр, өзекті міндет", – деді министр Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында.
Оқи отырыңыз: Шолпан Қаринова: Мұғалімдердің кәсіби санат алуына жазған эссесінің әсері болмайды
Оның атап өтуінше, 2019 жылға дейін педагогика мамандығына түсудің орташа балы өте төмен, 55-60 балды ғана құрап келді. Ал заң қабылданғаннан кейін 2019 жылдан бастап нақты іс-шаралар қабылданып, аталған мамандықтарға түсу шекті балы 75-ке жетті.
"Биылғы ҰБТ қорытындысында педагогика мамандығына түсушілердің орташа балы 96 балды құрады. Құзіретті, бәсекеге қабілетті мықты түлектер осы мамандықты таңдап жатқанын білдіреді. Соған орай ертең мектептерімізді мықты педагогтер келеді. Қазірдің өзінде заң жұмыс істеп тұр деуге болады", – деді ол.
Министр педагогтардың жалақысы да айтарлықтай өскенін атап өтті.
"Педагогтардың еңбек жағдайлары жақсарды. Жалақы көтерілді. Егер егер заң жобасы қабылданғанға дейін орташа жалақы шамамен 109 мың теңге болса, бүгінде 200 мың теңгеден асып түсті. Бұл еліміздегі педагогтардың орташа жалақысы", -– деді Асхат Аймағамбетов.