Астананың бес ауданында рұқсат етілмеген 188 қоқыс орны анықталды. Олардың басым бөлігі жойылып, қалғандарын жою жұмысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Есіл ауданында ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша 2023 жылы стихиялық қоқыс тасталған 72 орын табылды. Олардың 20-сы тазаланып, қалғандары бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Құрылыс компаниялары 6 мың тоннадан астам қоқыс, ал жалпы экологиялық айлық пен коммуналдық сенбіліктерде 24 500 тоннадан астам қоқыс шығарылған.

"Нұра ауданы бойынша жалпы көлемі 30 мың тоннадан асатын қоқысы бар рұқсат етілмеген 45 орын анықталды. Оның 13-і жойылды. 10 мың тоннаға жуық қалдық шығарылды, – делінген хабарламада. 

Рұқсат етілмеген полигондарды әкетуге 4 құрылыс компаниясы жұмылдырылған.


Оқи отырыңыз: "15-20 мың адам демалады". Алакөлдің жағасынан күніне 10 тонна қоқыс шығарылады


"Жыл басынан бері Алматы ауданынан 9 350 тоннадан астам (1226 рейс) қоқыс шығарылды. "Қазақстан Ғарыш Сапары" ғарыштық суреттеріне сәйкес, рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын 39 орын анықталды. Оның 38-і пысықталды. Сарыарқа ауданында табылған 24 орынның 20-сында заңсыз қоқыс орны жойылып, 15 мың тонна қоқыс шығарылды. Құрылыс қоқыстарын заңсыз шығару фактілерін болдырмау үшін экологиялық полиция жұмылдырылады", – делінген хабарламада. 

Осы жылдың басынан бастап абаттандыру және санитария нормаларын бұзу туралы 605 хаттама жасалды, 5,5 млн теңге сомасына айыппұл салынды. Мұнымен қатар "Қазақстан Ғарыш Сапары" ғарыштық суреттері бойынша Байқоңыр ауданында 22 орын анықталды, оның сегізі расталды. Олардың барлығы жойылды.