"2023 жылы мектептер бір ауысымға ауысады": Шымкент әкімі жоспармен бөлісті
Бұл туралы "Құндылыққа бағдар: Сапалы білім. Өзін-өзі бағалау. Сапалы мүмкіндіктер" атты қалалық тамыз кеңесінде мегаполис басшысы Мұрат Әйтенов мәлімдеді. Қазіргі таңда Шымкентте 5 үш ауысымды мектеп бар. Алайда, бұл проблема келесі жылы толығымен шешіледі.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: "2023 жылы үш ауысымды мектептер мәселесін толық шешеміз деп отырмыз. Бұған дейін 15 үш ауысымды мектеп болса, жаңа оқу жылында көрсеткіш 5-ке қысқарады. Ал келесі жылы бұл проблеманы жойып, екі ауысымды мектептерді де бірауысымға ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл балалардың сапалы білім алуына септігін тигізеді. Қазірдің өзінде қалада 41 мектеп бір ауысымда оқиды".
Шаһар басшысының айтуынша, қазір білім сапасын арттыру мақсатында мемлекеттен бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын ұлғайып жатыр. Мәселен, осыдан 4 жыл бұрын Шымкенттің жалпы бюджеті 146 млрд теңге болатын. Ал қазір тек білім саласының өзіне 176 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл да ескі мектептер үлесін азайтып, білім ордасының материалдық базасын жаңартуына мүмкіндік береді.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды тапсырған еді. Оның 101-і Шымкентте бой көтереді. Кейінгі екі жылдың өзінде мегаполисте 51 мектеп құрылысы аяқталды. Яғни, тапсырманың 50 пайызы орындалып отыр. Ал қалған 50 мектепті 2025-жылға дейін аяқтаймыз", – деді қала басшысы.
Жалпы, Тамыз конференциясына 800-ге жуық білім саласының қызметкерлері қатысты. Шымкенттің бас ұстазы барлық мектеп жаңа оқу жылына 100 % дайын екенін айтты.
"Біз балаларға сезімталдық, қамқорлық және адамгершілікті көрсетудің жарқын үлгісіне айналып отырмыз. Бұл мамандығымыздың жемісі. Баршаңызды басталғалы отырған жаңа оқу жылымен құттықтаймын! Біз жаңа оқу жылын 386 300 баламен, балабақшаларда 78 300, білім беру ұйымдарында 242 000 және 36 мыңнан астам студенттермен бастағалы отырмыз", – деді Жанат Тәжиева.
Жалпы жиын еркін форматта өтті. Шара барысында білім саласын дамытудың бағыттары мен маңызды мәселелері талқыланып, педагогтардың ұсыныстары тыңдалды.
Бұдан соң ағарту саласында ерекше жетістігімен көзге түскен ұстаздар "Мейірім", "Еңбек ері" медальдарімен және "Білім беру ісінің құрметті қызметкері", "Ы.Алтынсарин" төсбелгілерімен марапатталды.
Мөлдір Ибадуллаева.