Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой үкімет отырысы кезінде Covid-19 жұқтыру деңгейінің 17% төмендегенін мәлімдеді.

20 қазаннан бастап әлеуметтік-медициналық объектіде (қарттар, мүгедектер және балалар үйі) жатқан науқастарға кіруге рұқсат етіледі. Бұл үшін ең көп үш тәулікке дейін берілген екпе алғандығы туралы немесе ПТР-тест анықтамасы қажет.

"Жасыл" мәртебесі бар азаматтар үшін түнгі клубтардың жұмыс істеуіне рұқсат беріледі. Бірақ келушілер саны сыйымдылығынан 50% аз болуы тиіс.

Әрбір санитарлық-эпидемиологиялық аймақ үшін келесі шектеулер енгізілген:

  • Covid-19 таралуы бойынша "жасыл" аймақтағыларға 100 адамнан артық емес;
  • "сары" аймақтағыларға 70 адамнан көп емес;
  • "қызыл" аймақтағыларға 50 адамнан көп емес.

Мұнымен қатар, Ashyq жобасы бойынша жұмыс істейтін бизнес объектілерінің жұмыс уақыты ұзарады. Комиссия шешіміне сәйкес, "жасыл" аймақтағы бизнес объектілеріне түнгі 3.00-ге дейін, ал Ashyq лидерлерінің таңғы 5.00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат берілді. "Сары" аймақтағылар 1.00-ге дейін және Ashyq жобасындағы лидерлер 3.00-ге дейін жұмыс істей алады.

1 қыркүйектен бастап есептегенде Нұр-Сұлтан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында екпе алу қарқыны бәрінен төмен болды – 10-13%, деп хабарлады вице-премьер Ералы Тоғжанов.

"ВАК отырыстарында бірнеше рет өңірлерде вакцинация қарқынын арттыру тапсырылды, алайда тапсырма тиісті деңгейде орындалмады. Осыған байланысты, облыс әкімдеріне ШҚО тәжірибесін ескере отырып, вакциналауды ұйымдастыру бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды, әкімдіктер басшылығының вакцинация жоспарын орындамағаны үшін жеке жауапкершілігін атап өтуді тапсырған жөн деп санаймыз. Оң динамика болмаған жағдайда әкімнің жетекшілік ететін орынбасарларына тәртіптік сипаттағы шаралар қабылдау да орынды деп санаймыз", – деді Ералы Тоғжанов.