Не керек, Астана ұстаздарының дәстүрлі тамыз кеңесі биыл үш сағатқа созылды.

Тізгінді қолына алған Астана әкімі Әсет Исекешев жаңа оқу жылының жаңалықтары мен ескі жылдардың қорытындысы туралы негізгі баяндамасын жасады. Шенеуніктердікіндей бір сарынды емес, Исекешевтің баяндамасының тұздығы мол екен, ақпаратқа да бай.


Астана әкімі Әсет Исекешев дәстүрлі тамыз конференциясында / Фото informburo.kz

"Өздеріңіз білесіздер, тек сапалы адам капиталы ғана қазіргі заманның бүкіл талабына жауап бере алады. Бұл ретте, білім мен ғылым саласының маңызы өте зор. Сондықтан, білім – әкімдік үшін ең басты басымдық болып қала береді.

Жеті бағыт

Бүгін елорданың білім беру жүйесіне қатысты негізгі жеті бағытты атап өткім келеді. Олар:елордамыздың бүгінгі даму қарқынына жауап бере алатын мектеп инфрақұрылымын дамыту; сапалы білім алуға қажетті жағдай жасау; білімнің деңгейін көтеру; озық технологияларды жетілдіру; мамандар әлеуетін арттыру; оқу сапасын жақсарту; қамқоршылық кеңестер құру.

Осы тақырыптарды талқыға салып, өздеріңізбен ақылдасу үшін бүгінгі тамыз кеңесін дөңгелек үстел форматында өткізіп отырмыз", – деп бастады Әсет Исекешов.

Informburo.kz креативті әкім жария еткен сол бірқатар тың идеяларға тоқталып өткенді жөн санады.

Астанада алты жылда оқушылар екі есеге көбейген

Жалпы, соңғы үш жылда Астананың білім беру саласын қаржыландыру көлемі 70 пайызға артқан. Яғни, үш жыл бұрынғы 30 млрд теңгеден бүгін 51 млрд теңгеге өскен. Бұның бірден бір себебі – демография. Әкім мәліметіне көз салсақ.

"Біріншіден, туу көрсеткіші, екіншіден, ел ішіндегі көші-қон есебінен Астана тұрғындарының саны артып барады. Бұл – әрине, бір жағынан көп проблеманың бастауы. Оқу маусымы сайын мектепке баратын балалардың саны кемінде 10-15 мың балаға көбейіп отырады екен. Мектеп оқушыларының саны да артып келеді. 2010-2011 жылдары Астана мектептерінде 74 мың бала оқыса, биыл 145 мың оқушыны күтіп отырмыз".

Әкімдік үш жыл ішінде мектеп тапшылығын жоямыз дейді

Бұдан келіп, әрине, мектептің аздығы мен ұстаз тапшылығынан үш ауысымдағы мектеп пен сапасыз білім сияқты проблемалар туындайды. Биыл әкімдік 2600 орынға арналған бес мектеп салады. Ал, Әсет Исекешевтің айтуынша, мектеп салудың ең басты екі қиындығы бар.

"Астанада халық тығыз орналасқан аудандарда мектеп салу үшін жер тапқанмен, сол жерді сатып алуға, ғимарат тұрса, оны бұзуға қыруар қаржы кетеді. Қазір біз халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қаланы дамытудың мастер-жобасын әзірлеп жатырмыз. 2 млн адамды қамтитын сол жоба аясында есігінің алды таза, баратын жолы жайлы мектептер саламыз. Қазір инфрақұрылымы ыңғайлы деген 47 мектептің орнын дайындадық. Жалпы, 2020 жылға дейін осы мәселені толық шешеміз", – дейді әкім.

"Бұлтты" бухгалтерия немесе Астана ұстаздарына қосымша сыйақы қайдан табылады

Әрине, мектеп салып, оның ішін оқушы мен білікті ұстазға толтыру сол баяғы қаржыға келіп тіреледі. Әкімнің сөзінде жан бар, қазір мектеп директорлары ұстаздық қызметтен гөрі, сол ұйымның "қара жұмысына", яғни, шаруашылыққа көп бас қатырады (Мысалы, мемлекет меншігіндегі бүкіл ұйым жұмысқа қажетті құрал-жабдығын мемлекеттік сатып алу сайтынан алатыны белгілі – агенттік).


Тамыз конференциясына келген ардагер ұстаздар / Фото informburo.kz

"Ұстаз шаруашылық жұмыстармен емес, балаға білім берумен айналысуы керек", – деді әкім. Оның үстіне, мардымсыз жалақыны қанағат тұтып жүрген ұстаздарды ара-тұра сыйақымен қуантса, жұмысқа деген ынтасының да арттары анық. Әкімдік осы бірнеше проблеманың басын бір жобамен қайырамыз деп отыр.

"Қыркүйек айынан бастап Астана мектептерінде ілкі жоба ретінде бірыңғай "бұлтты" бухгалтерия жобасын енгіземіз. Осылайша, мектептердің қаржы менеджменті бір жүйеге келеді де, мемлекеттік сатып алу жүйесі орталықтандырылады. Сол арқылы жылына 200 млн теңге қаржы үнемдейміз деген үміт бар. Үнемделген қаражат ұстаздарға сыйақы ретінде төленеді", – деді Әсет Исекешев.

Қалалық білім беру басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин informburo.kz тілшісіне тың идея туралы толығырақ айтып берді.

"Бұлтты" бухгалтерия жобасы қыркүйектен бастап елорда мектептерінде бірыңғай енгізіледі. Негізінен, бұл жобаны қаңтардан бері бірнеше мектепте сынап көрдік. Бұлтты бухгалтерия ең алдымен қаржыны үнемдейді. Үнемдеуден басқа, бүкіл процесті ашық етеді және бұрынғыдай емес, мемлекеттік сатып алу процесіне кететін уақытты әлдеқайда азайтады", – дейді Жанғозин.

Ең бастысы, Әнуар Жанғозиннің айтуынша, енді қаладағы бүкіл мектеп керек-жарағын тек бір бағамен сатып алады. Бұл жобада білім басқармасы әкімші рөлін атқарады. Бүкіл мектептің қаржысы "тығылып" тұрған жобаның қауіпсіздігі туралы да сұрадық.

"Біз сатып алу процестерінің бәрін бақылап отырамыз. Сатып алудағы құқық бұзушылықтар азаяды деген болжам бар. Ал, қауіпсіздікке тоқталсақ, бүкіл мәлімет құпия сөздермен бекітілген және күзетілетін датацентрда сақталады. Жүйе жан-жақты қорғалған. Қандай да бір мәлімет жоғалып кетеді деген қауіп жоқ, өйткені көбі автоматты түрде көшіріліп, серверде сақталып тұрады".

Әсет Исекешев қай мектепке "қамқоршы"?

Соңғы уақытта Білім министрлігі де, кейбір мектеп директорлары да мектеп жанынан қамқоршылық кеңес құру керек екенін жиі айтып жүрген. Бұл идеяны да бірінші болып іліп әкеткендердің бірі – Әсет Исекешев. Әйтпегенде, қалалық білім жүйесін дамытудың негізгі жеті бағытына қоспайтын еді деген ойдамыз. Міне, әкімнің айтуынша, қыркүйектен бастап қаланың бүкіл мектебінде қамқоршылық кеңестер құрылады екен.

"Мақсатымыз – қамқоршылық кеңестері арқылы мектептің автономды дамуына жағдай жасау. Менің орынбасарларым қаладағы он мектептің қамқоршылық кеңесіне мүше болды. Мәжіліс депутаттары төрт мектептің кеңесі, мәслихат депутаттары жеті мектептің қамқоршылық кеңесіне енді. Жеке өзім қаладағы мектептердің біріндегі қамқоршылық кеңеске мүше болып отырмын", – дейді Исекешев

Әкім бұнымен тоқтамақ емес. "Енді үкімет мүшелері, белгілі бизнесмендерді және ұлттық компания қызметкерлерін осы идеяны қолдауға шақырамыз", – дейді Исекешев.

Меценаттардың қандай мектепті "жарылқайтыны" қазан айында белгілі болады

"Астана меценаттарының клубы құрылды. Клубқа белгілі бизнесмендер мен ғалымдар мүше болып отыр. Клуб екі бағытта жұмыс істейді:

Біріншіден, олар мектептердің жанындағы қамқоршылық кеңесінің жұмысына қатысады. Екіншіден, мектептерге демеушілік көрсетеді. Жобаны қыркүйек-қазан айларында аяқтаймыз, сол кезде қамқоршылық кеңестеріне бизнесмендерді қосамыз", – деп хабарлады Әсет Исекешев.


Әсет Исекешевтің үздік ұстаздарға пәтер кілттерін табыстау сәті / Фото informburo.kz

Жалпы, қамқоршылық кеңес дегеніміз – мектепке ерікті түрде демеу көрсету деген сөз. Қазақстандағы мектептің көбі жөндеу жұмыстарына келгенде қолдауға, яғни, ақшалай көмекке қатты зәру екенін бұрыннан байқатып жүр. Ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынған, ал бюджеттен бөлінетін қаржы бірде бар, бірде жоқ. Білім министрлігі болса, оқушыдан да, ата-анадан да бір тиын ақша жинамаймыз деп жылда жар салғанмен, ата-аналар қосымша кітап, турникет, мектептің өзге де керек-жарағына ақша сұратты деп шағымданатыны рас.

Міне, Әсет Исекешев мектептерге меценаттардың қаржысын тартпақ.