Алексей Кокорин – ресейлік климатолог. Ұзақ жылдар бойы Орта Азия жергілікті экология орталығының халықаралық қызметкері болып қызмет атқарған. Информбюро тілшісі Алексей Кокоринге қазіргі таңда Қазақстан мен Ресейдегі су тасқынына байланысты сұрақтар қойды. 

– Қазір Қазақстанның көп өңірін су басып жатыр. Климатолог ретінде пікіріңізді білгіміз келеді. Климаттың өзгеруінің нақты бір аймақтарды су басуына ықпалы бар ма?

Қазір Жер шарының барлық бөлігінде жаһандық жылыну болып жатқанын білесіз. Әсіресе, Жердің құрғақ бөліктерінде жылыну процесі көбірек байқалып отыр. Менің ойымша, бұл процесс Қазақстанда екі есе қатты жүріп жатыр. Жер шарының көп жерін мұхиттар алып жатқандықтан, жауын-шашын көп. Температураның градусы көтерілген сайын жауын-шашын мөлшері де бірнеше пайызға өседі. Мұндай кезде тек жауын-шашын көбейіп қоймай, құрғақ аймақтар одан сайын құрғай түседі. Мысал ретінде Африка, Орта Азия мен Жерорта теңізі маңындағы елдерді айтуға болады. Қазақстан туралы айтар болсақ, оның оңтүстік бөлігінде құрғақшылық байқалады.

Су тасқыны да, құрғақшылық та 2050-2060 жылдарға қарай жиілейді. Әлем елдері көміртегі бейтараптығын сақтамаса, жағдай осылай жалғаса береді.

Менің білуімше, Қазақстан, Ресей, Қытай, Бразилия, Оңтүстік Африка, АҚШ, Еуропа, Жапония, Үндістан, тағы басқа елдер 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткіземіз деп сөз берді. Бәрі бірдей айтылған нәтижеге жете ме, ол әзірше белгісіз. Десе де, көміртегі бейтараптығына жете алсақ, онда жаһандық жылыну процесі де тұрақталып, көрсеткіші 2,5-3 градус болады. Біз көміртегі бейтараптығына жетпеген жағдайда жылу толқындары үш есе көбейеді.

XIX ғасырда әр 50 жыл сайын бір келген ыстық енді жыл сайын болады. Ол кезде климат мүлдем басқаша сипат алады. Кейбір аумақтар шөлейт далаға айналып, тұрғындар амалсыздан басқа жақтарға көшеді.

– Ал, су тасқыны туралы не айтасыз?

– Қазіргі жағдай бірқалыпты емес. XIX ғасырда 10 жылда бір рет қатты жауған жауын-шашын қазір 30 пайызға жиілеген. Әрине, бұл көрсеткіш барлық жерде бірдей емес, бір жерде 30 пайыз, бір жерде 50, тағы бір жерде 7 пайыз болуы мүмкін. Жалпы алғанда, жауын-шашын бұрынғыға қарағанда жиілегенін айтып отырмын. Десе де, оның мөлшері он есе өспейді, бүкіл әлемді су басып кетпейді. Дегенмен, мемлекеттер қазір болып жатқан жағдайдан қорытынды шығарып, сабақ алған дұрыс деп ойлаймын.


Оқи отырыңыз: Қазақстанның 6 өңірінде 3698 жеке тұрғын үй су астында қалды


– Қазақстан құрлықта жатқан ел. Біздің мұхитпен шекарамыз жоқ. Десе де, қазір бізде көп аймақты топан су басып жатыр. Әрине, бұл жерде адамдардың жауапсыздығын да жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, құрлықта жатқанымыз бізді ештеңеден сақтандырмай ма?

– Қазақстан тайфун мен цунамиден алыс жатыр. Ал, су тасқыны қуаңшылық болған жерде көбейе береді немесе жағдай керісінше қайталанады. Бұрындары 10 жылда бір рет болған су тасқыны енді 5 жыл сайын қайталануы мүмкін.

– Ендеше, біз мұндай жағдайларға бейімделу үшін қандай қадамдар жасағанымыз дұрыс?

– Проблеманың төркінін түсіне отырып бейімделген дұрыс. Бұл ақырзаман еместігін де естен шығармау керек. Инфрақұрылымды жақсартып, көпірлер мен құрылыстардың сапасына назар аудару қажет. Бұрын су тасқыны өте сирек кездесетін құбылыс еді. Сол себепті, адамдар да "көппен бірге көреміз, кейінірек бәрін қалпына келтіріп аламыз" деп қарайтын. Енді жағдай өзгерді, су тасқыны жиіледі, соған қарай қай жерге қандай құрылыс салуды, нөсер кәріздерінің жайын ойластыру керек. Сонымен қатар, енді су тасқыны ғана емес, жауын-шашын мөлшері де көбейетінін естен шығармаған жөн.

Мәселен, жақында Дубайда өткен СОР28 халықаралық конференцияcына Азия елдерінің президенттері де қатысты. Сол жерде "loss and damage" жағдайындағы қаржыландыру туралы шешімдер қабылданды. Бұл қандай жағдай? Бұл – климаттың өзгерісіне адамдар бейімделе алмайтын жағдайлар. Мұндай кезде шығын туралы ойлану қажет, адамдарды басқа жаққа көшіреміз бе, әлде бір қор құрамыз ба дегендей.

Бірден айтайын, бұл жерде өтемақы қоры емес, көмек қоры туралы сөз болып отыр. Мәселен, сіздің үйіңіз суға кеткен жағдайда олар сіздің үйіңіздің өз құнын төлемеуі мүмкін, тек қорда бар ақшадан беріп, көмектеседі. Одан бөлек, қауіпті аймақта тұратын адамдар өздері де сақтық шарасын жасап, қамданғаны жөн. Бұл бүкіл әлемге ортақ жағдай ғой, жылда қайталанады. Тек билік өкілдері ғана емес, қарапайым тұрғындар да қамданып, алдын алуы тиіс мәселе. Ең бақуатты деген елдің өзінде тұратын адамдар билікті сынап отыруы мүмкін. Десе де, болып жатқан табиғи апаттар жер-жерде, әлемдік ауқымда болып жатқанын ұмытпауымыз қажет. Бұл қазір біз қашып құтыла алмайтын жағдай болып отыр.

– Өткен жылы Душанбеде өткен конференцияда сіз "мұздықтардың еруі қазір Орта Азия елдері үшін үлкен мәселе болып отыр" депсіз. Қазақстанда да соңғы жылдары мұздықтардың еруі жиілей түсті. Бұған қатысты не айтар едіңіз?

– Мен қазір Солтүстік Қазақстан мен Орталық Қазақстан туралы айтпаймын. Елдің оңтүстігі мен басқа бөліктерін мысалға алар болсақ, жауын-шашын көлемі бірқалыпты болмайды. Айталық, мұздықты аккумулятор деп алсақ, аккумулятор болмаған жағдайда сіздерде көктемде су тасиды, сосын кейінірек су болмайды.

Мұздықтардың еруі Алматыға сел қаупін төндіреді.  

Қазір су тапшылығы мәселесі Қырғызстан мен Өзбекстанда жиі айтылып жүр. "Суды қалай сақтаймыз?" деген әңгіме қызу талқыланып жатыр. Арменияда жауын-шашын көлемі азайып, сәйкесінше су көлемі азаяды деп болжанып отыр. Сондықтан олар да Израиль сияқты тамшылатып суару әдісіне көшкені абзал.

Мұздықтар еріген кезде олардың төменгі бөлігі жоғары қарай кетеді. 5 мың шақырымдық биіктікте тұрғандықтан, олар әрдайым болады, оның үстіне, олардан ауыл шаруашылығына еш пайда жоқ. Сол себепті, "мұздықтардың белгілі бір пайызы еріп жатыр" деген кезде олардың ауыл шаруашылығына пайдалы бөлігі де тура сондай көлемде еріп жатыр деп ойлау – қате. Мұздықтардың ең биікте орналасқан бөлігі ерігенде ғана жағдай 180 градусқа өзгеруі мүмкін. Ал төменгі жағы альпинизмге жақсы шығар, бірақ шаруашылық үшін оның маңызы жоқ.

– "Алдағы уақытта әлемде құрғақшылық салдарынан климаттық көші-қон болып, 1 миллиардтай адам жан-жаққа көшуі мүмкін" деген болжам айтылып жүр.

– Мұндай жағдай әлем елдері әлгінде айтылған көміртегі бейтараптығына жетпеген кезде болады. Ол кезде миграция 3 миллиард адамды қамтуы мүмкін. Ал қалыпты жағдайда тура 1 миллиард адам көшіп-қонып жүреді демес едім. Ең алдымен, бұл процесс Азия, Африка, Латын Америкасының шағын бөлігіндегі аса құрғақ жерлерді қамтиды. Қазақстан туралы айтсам, мұндай миграцияның бұл елге азғантай ықпалы болуы мүмкін. Ал елдің ішкі миграциясы – ол бөлек әңгіме.


Оқи отырыңыз: Су тасқынынан зардап шеккен ақтөбеліктер біржолғы төлем алады. Оны қалай рәсімдейді? 


– Алдағы уақытта Қазақстан климатында қандай өзгерістер болуы мүмкін?

– Жылу толқындары туралы сізге әлгінде айттым. Олардың градусы кішкене жоғарылағанымен, жиілігі өседі. Құрғақшылық болған аймақтарда су тапшылығы болады.

Алдағы уақытта өте үлкен қиыншылықтар күтіп тұрған елдер бар. Мысалы, "Африканың оңтүстік бөлігінде су мүлдем болмайды" деп болжанып отыр. Ол елдермен салыстырғанда, Орта Азия елдерінің, оның ішінде Қазақстанның жағдайы жаман емес.

Әрине, көміртегі бейтараптығына жетпейінше, жағдайды тұрақтандыру қиын. Мемлекеттерге "көміртегі бейтараптығына қол жеткіземіз" деген уәдені орындау да оңай болмайды. Дегенмен, қазір бәрі осы бағытта жүріп келе жатыр. Қытай, Еуропа, Жапония, Корея дұрыс бағытта келе жатыр. Тіпті Үндістан да жағдайының қиындығына қарамастан көміртегі бейтараптығына ұмтылып отырған жайы бар.

– Қазір жаһандық жылыну туралы барлық жерде айтылып жүр. Әлеуметтік желіде кей қолданушылар "ақырзаман әне келеді, міне келеді" деп бірін-бірі қорқытып әлек. Климатолог ретінде айтыңызшы, дәл қазір әлемге топан су басу не өрт қаупі төніп тұр ма?

– Жоқ, дәл қазір ондай қауіп төніп тұрған жоқ. Жер шары тұрғындарының 30 пайызы басқа аймақтарға көшуі мүмкін, ол рас. Бірақ, бұл дегеніңіз ақырзаман емес қой?! Десе де жыл өткен сайын жағдай қиындап бара жатқанын жоққа шығармаймын. Мен мұндай "қорқынышты әңгімелерге" өте бір зиянды зат деп қараймын. Теледидардың алдында отырып "ах, ох" деп қорыққаннан пайда жоқ. Қорыққан адам қандай да бір әрекет жасап, сақтықтың амалын жасауы қажет.